«ҚазАвтоЖол» компаниясында «Қазақстанның салалық кәсіби темір жолы, автокөлік, әуе және су көліктері одағы» ҚБ-ға қарасты бастауыш Кәсіподақ ұйымы ашылды, деп хабарлайды аталған бірлестіктің баспасөз қызметі.    «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жұмысшылары бас қосқан арнайы кәсіподақ отырысында қоғам аппаратының жетекшісі Архат Сыдықов пен Кәсіподақ төрағасының орынбасары Нұрлан Нұрпейісов сөз сөйлеп,  күн тәртібінде қарастырылған үш мәселені  таныстырды. Бірінші кезекте бастауыш кәсіподақ ұйымын құру, екінші, оның төрағасы мен мүшелерін және үшінші ревизиялық комиссияны сайлау туралы айтылды. Жиынға қатысқан 90-нан астам адам бірауыздан шешім қабылдап, ұйымды құрған соң кәсіподақтың жақын уақыттағы қызметтерінің жоспарын жасады. Бастауыш Кәсіподақ ұйымының төрағасы болып «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз хатшысы Дилара Зарлыкова сайланды. Нұрлан Нұрпейісов енді компания жұмысшылары Кәсіподақ ұйымының мүшесі ретінде салалық кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін жеңілдіктерге ие болатынын жеткізді. Ал кәсіподақ ұйымының бұдан кейінгі шаруасы – Компания басшылығымен Ұжымдық шарт жасап, бекіту. Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» АҚ Басқарма төрағасы Ермек Қизатов компанияның әлеуметтік серіктестікке дайын екенін атап өтті. 

Ұлан ОРАЗ