Ағымдағы жыл Семей теміржолындағы жол шаруашылығы үшін табысты болды. Әсіресе, қауіпсіздік мәселесі бойынша ілкімді істер көп. Бұрын-соңды орын алмаған жаңашылдықтарға негізінен Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшылығы ұйытқы болуда. Алдағы қысқа даярлық шараларының ішіне желі бойындағы қауіпсіздік мәселесі де кіреді. Бұл ретте ПЧ-39 мекемесімен Жаңа-Семейдегі ПЧ-40 және Аягөз қаласындағы ПЧ-42 бойынша жол өткелдерін жаңалау мен жаңадан орнату ісі жоспарға сай толықтай жүзеге асырылды. Бір ғана мысал, Семей жол дистанциясына қарасты 37 жол өткелі жүз пайыз күрделі жөндеуден өткізілді. Байырғы жылдардан ерекшелігі, қала ішіндегі осындай бірқатар нысандарға арнайы бейнебақылау камералары орнатылды. Сондай-ақ, ПЧ-39 мекемесінің басшысы Рахат Ботаспаевтың айтуынша, әсіресе, жол өткелдеріндегі кезекшілік қойылатын постыларға ерекше мән берілуде. Ондай орындарға арнайы аншлагтар ілініп, маңайлары абаттандырылыпты. Мәселен, қала ішіндегі автокөлік күре жолын қиып өтетін, қозғалыс нөпірі қалың 652-ші шақырымға осындай нысан орнатылып, талапқа сай етілген. Сонымен қатар, Семей жол дистанциясының бас инженері Мырзабек Керейбаев жол өткелдеріндегі қауіпсіздік мәселесі бойынша кешенді жұмыстарға жетекшілік етеді. Қазіргі күні бұл тараптағы профилактикалық шаралар күшейтілуде.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей