Темір жол бойында бейсауыт жайылатын малдың  пойыз астына түсу оқиғасы қай жерде болсын өзекті болып отыр.  Әсіресе, төрт түліктің қараусыз жайылуынан локомотив бригадалары көп зардап шегуде. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Маңғыстау локомотив пайдалану депосында үстіміздегі жылдың 9 айында шұғыл тежеуге байланысты 313 жағдай тіркеліпті. Оның 298-і қараусыз малдың кесірінен болған. Ал, өткен жылдың ұқсас кезеңінде жолаушы және жүк пойыздарының жедел тежегішті басып тоқтатқаны туралы тіркелген 255 дерек жоғарыдағыдай жайттардың былтырдан да көбейгенін айғақтайды. Депоның аға таспа талдау инженері Балсия Каракулованың айтуынша, машинистердің шұғыл тежегішті қолдануы, әсіресе мал басу оқиғалары қас қарайған, көз байланған шақта орын алады екен. Қолға тиген таспаны күндегісін күнде егжей-тегжейлі тексеріп, себеп-салдарларына үңіліп отыратын олардың машинистер мен көмекшілерінің жұмыстағы әрбір іс-әрекеттерінен хабардар.  ─ Жол үстінде қандай қателіктер болғанын, қандай жылдамдықпен жүріп, қай жерде тоқтағандығын, тағысын тағыларға біз таспаны тексеру барысында көз жеткіземіз. Машинистің пойызды жүргізудегі тәртібін журналдарға тіркеп қоямыз. Одан кейінгі шараларды  басшылар мен нұсқаушылар жасайды, – дейді Балсия Құрманғазықызы.

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау