Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ
Қайта жаңғыртылды
1 мин чтения
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында Астана – Көкшетау – Петропавловск транзиттік дәлізі телімінің қайта жаңғыртылуы аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҚБ баспасөз қызметі.
Астана – Петропавловск автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 489 км. Астана – Щучинск (211 км) бірінші телімі 2009 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда Көкшетаудан Петропавловскіге дейінгі жалпы ұзындығы 189 км телімін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Асфальт-бетон төсеу бойынша негізгі жұмыстар тәмамдалды. Енді абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстары да бітуге жақын. Дәл қазіргі уақытта Көкшетау мен Петропавловск аралығындағы жаңа салынған автожолдағы қозғалыс ашылды. Бұл автожол I және II техникалық санаттары бойынша салынған, Көкшетау қаласы маңындағы қозғалыс 4 жолақ бойынша, әрі қарай екі жолақ бойынша жүзеге асырылуда.
Сонымен бірге осы жылдың қорытындысы бойынша Алматы – Қапшағай, Астана – Теміртау, Ақтау – Бейнеу автожолдарында да қозғалыс ашылмақ. Қостанайда Тобыл өзеніне салынған көпір мен Павлодар облысындағы Ертіс арқылы салынған көпір өткелі пайдаланысқа берілмек. Сондай-ақ Астана – Павлодар автожолындағы 200 км жолда қозғалыс ашылатын болады.