Ақтөбе темір жолының Байғанин ауданына жақын №142-ші разъезд бар. Оны он жылдан бері тәжірибелі теміржолшы Темірбай Алпысбаев басқарады.  Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді станциясынан 15-16 шақырымда орналасқан разъезд басында үй жоқ. Сондықтан, теміржолшылар, оның ішінде станция кезекшілері, пойыз құрастырушылар, жолшылар, т.б. қатынап жұмыс жасайды. – Разъезде бес адамбыз, жол, электрмен қамту, белгі беру және байланыс дистанциясының жұмысшыларымен қоян-қолтық араласып, еңбек етеміз. Соңғы жылдары бірде-бір ақауға жол берген жоқпыз, қауіпсіздік сақталуда, күзгі тексерістен жақсы өтіп, қысқа дайындық бойынша жоғары баға алдық, – дейді бекет бастығы.

Әкесі ұзақ жылдар темір жолда еңбек еткен соң, алты ағайынды түгел кәсібін осы саладан тауыпты. Бір пойыз құрастырушы, бірі жолшы, бірі машинист дегендей. – Әкеміз Алпысбай Естеков соғыс жылдары жол бойында жауапты да маңызды, ауыр жұмыстарды атқарған. Бізді, балаларының бәрін еңбекке баулып, өзі секілді теміржолшы болуымызды қалады, шүкір одан жаман болған жоқпыз. Бүгінде өзім мен бауырларымды, олардың балаларын қосқанда бір қауым ел теміржолшылармыз, үшінші буын династиямыз. Өзімнің үш ер, бір қыз балам бар. Қызым мұғалімдікті таңдады, ал ұлдарым түгел теміржолшылар, – дейді ол мақтанышпен. 1976 жылы пойыз құрастырушысының көмекшісі болып еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз біраз уақыт өткен соң станция кезекшісі болады. Қозғалыс саласында мол тәжірибе жинақтаған аға теміржолшы жуырда ел ағасы жасы 60 жылдық мерейтойын атап өтіп, «Мен үшін басты байлық – отбасым, балаларым, жора-жолдастарым мен әріптестерім» деп ағынан жарылды.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе