Шахида Жұман, Маңғыстау
Кемшіліктерді жою мерзімі белгіленді
2 мин чтения
Маңғыстау теміржолының биылғы қысқа дайындығын күзгі байқау нәтижесі көрсетті. Қыркүйекте басталған күзгі тексеріс жұмыстары жуырда өз мәресіне жетті.
Маңғыстау жүк бөлімшесінің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ернар Айдархановтың мәліметінше,12 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өткен күзгі тексеріс байқауына орай Маңғыстау жол бөлімшесіне қарасты 59 аралық пункттердегі теміржолға тиісті ғимараттар және теміржол желісінің инфрақұрылымдық объектілері бақылаудан өткізілді. Оның ішінде пойыздарды қабылдап-жөнелту жолдары, бағыттамалық бұрмалар, байланыс, электр құрылғылары, жылжымалы құрамдарға қызмет көрсету орталықтарының және су, жылу, кәріз жүйелерінің техникалық жарамдылық деңгейі, сонымен қатар пойыздар қозғалысын үздіксіз қамтамасыз етуге атсалысатын қызметкерлердің жұмыс орындарының жағдайы, олардың арнайы киімдермен жабдықталуы, басқа да бағыттар қамтылған. Оның айтуынша, 2016-2017 жылғы қысқы кезеңге дайындық барысындағы түрлі деңгейдегі 1033 кемшілік анықталған. Оларды жою мақсатында Маңғыстау жол бөлімшесі бастығы Нәжмеддин Ғұбашовтің басшылығымен іс-шаралар бекітілген. Онда ақаулықтарды жөнге келтіру жайы егжей-тегжейлі көрсетіліп, жауаптылар белгіленген. Нәтижесінде 890 кемшілік жылдам жөнге келтірілген.
– Байқау қорытындысы бойынша өндірістік жиын өтіп, бақылау нәтижесі көрсеткен кемшін тұстар талқыға алынды. Кемшіліктерге жол берген қызметкерлерге өз лауазымдық міндетінің аясында тиісті шаралар қолданылды. Қысқа әзірлікті нақтылау барысында Маңғыстау өңірінде еңбек ететін 6,5 мыңдай жұмысшының жайы да қаралды. Олардың қандай жағдайда жұмыс жасап, өндіріске қажетті құрал-сайманмен қамтылуы, отыратын, демалатын орындары, әр мезгілге байланысты киім-кешекпен қамтылуы да тексерілді. Жетіспейтін қажеттіліктері тізімге алынып, 15 қарашаға дейін олқылықтардың орны толтырылатын болды. Олардың жылы және жайлы орында жұмыс жасауы үшін ғимараттардың жылу жүйелерінің дайындығы да қаралды.«Теіржолсу» ЖШС мекемесімен жасақталған келісімшарт бойынша жылу үстіміздегі айдың 25-нен бастап берілетін болады, – деді бөлім басшысы.