Бекәли АЛТЫН, Шымкент
Айыппұл салынады
2 мин чтения
Соңғы жылдары экологтар қоршаған ортаны қорғау заңын күшейткелі, оны ластауға жол бергендерге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болды.
Темір жол бойы қатты тұрмыстық қалдықтардан уақытылы тазарып тұрады, тіпті оның арнайы міндеттемесі де бар. Арыс Ірілендірілген жол дистанциясына жыл соңына дейін 102 тонна тұрмыстық қатты қалдық өткізу тапсырылса, бүгінге дейін оның 75 тоннасы орындалыпты. Мұның ішінде тепловоздардың майы тамған қиыршық тастардың 25 тоннасы шығарылған. Түркістан, Сарыағаш, Отырарда бес тоннадан, Арыста он тоннадан дегендей. Тепловоз бен электровоздан таматын майды топыраққа сіңірместен уақытылы алып тұру үш жылдан бері тұрақты бақылануда. Дистанциядағы экология, метрология саласына жауапты маман Жеңіс Жүзжановтың айтуынша, құрамында сынабы бар шамның жиырма данасы да тиісті жеріне тапсырылған. Дистанция аумағында тоғыз дрезина болса, жыл сайын олардың әр бөлшегі ескіреді. Көліктердің істен шыққан дөңгелектерін «Азия Груп» ЖШС алған. Құрамында қорғасыны бар жарамсызданған екі жүз кг аккумулятор батареясынан да аула тазарған.
Тағы бір ескеретін жайт, Облыстық экология департаментінің ережесіне сай қалдықтың паспорты болады. Дистанцияда сынапты шам, дәнекерленген темірдің ұшқындары, аккумулятор сынды он үш қауіпті қалдық «құжатымен» өңделетін жеріне жіберіледі. Дрезина, автокөлікті жөндегенде қолдың майын сүртетін шүберектен бастап, техниканың қажетсіз бөлшектері, дәнекерленген темірдің ұшқын-қалдығы, экранының дисплейінде сынап бар компьютер құралдарының жарамсыз бөлшектеріне дейін түгел-түгел тапсырылған.