Атырау жол бөлімшесіне қарасты Д.Нұрпейісова бекетінде билет кассасының ашылуы – жергілікті халықтың  көптен күткен қуанышы еді. Өйткені, Қиғаш ауылдық округіне қарасты мыңнан астам тұрғындар бекетке пойыз тоқтамайтындықтан және билет ала аймайтындықтан темір жол көлігі қызметін пайдалана алмай келген еді. Д. Нұрпейісова жол айрығының басшысы Қадірбек Хисиннің айтуынша, аталған бекеттегі қажеттілікке сай ашылған билет кассасы батысқа қарай 3 км ұзағанда Ресейдің Астрахань облысы, Краснояр ауданымен шектесіп жатыр. Демек, бұл жерде билет кассасының ашылуы тек қана осы жерде орналасқан жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, көрші ресейліктер үшін де тиімді болыпты. Ганюшкин бекетінен Қиғашқа дейін пойыз билетінің құны – 792, ал төсек-орынсыз – 542 теңге. Пойыз Астана уақытымен Ганюшкин бекетіне 06:02-де келіп, 07: 34-те Қиғаш бағытына қозғалып кетеді. Ал, Қиғаштан Атырауға енді аймақ тұрғындары бұрынғыдай аудан орталығына сабылмай, құны –1332 теңге тұратын билет алып, пойызбен зыр етіп бара қояды. Бұл халық үшін де өте тиімді, қолжетімді баға болып отыр, – дейді бекет бастығы. Қазіргі уақытта аталған бекеттен Қазақстанның барлық бағытына және Ресей жеріне билеттер сатылуда.

Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, Атырау