«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының кезекті Саяси кеңесі Бюро отырысында қалалық мәслихаттың депутаттық фракцияның мүшесі, «ҚТЖ» ЖТ» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың хабарламасы тыңдалды. Халық қалаулысы өзіне жүктелген қоғамдық міндетінің барысын, атқарған жұмысын баяндады. Есепті мерзімде №2 сайлау округі бойынша сайлаушылармен үш кездесу ұйымдастырылып, тұрғындардан түскен сегіз шағым толығымен қанағаттандырылған. Сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша ұзындығы 620 метр бұзылған тротуар қалпына келтіріліп, тұрмыстық қалдық тастайтын орын қоршалған. №34 орта мектепке канал арқылы өтетін көпір жөнделіп, «Солнечный» аумағында тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларына көмек көрсетіліпті. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында ҰОС ардагерлері Сидора Мясникова мен Евгения Гладковаға әлеуметтік пакет табыс етілсе,  «Мектепке жол» акциясы аясында 120 және 100 мың теңге көлемінде мектеп оқушыларына көмек көрсетілді. Ал «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында балалар үйінің тәрбиеленушісі Анатолий Боцман жұмысқа алынған. Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Алматы-1 – Шу» бағытында екінші теміржол телімінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Айына осы құрылыс басында екі рет болып, жұмыс барысымен танысып отырамын, – деді Берік Сағымбекұлы. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы «ҚТЖ» ЖТ» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл бөлімшесі бастауыш партия ұйымында кезекті есеп беру-сайлау жиыны өтіп, бөлімше директоры, қалалық мәслихат депутаты Берік Ақшалов Жамбыл бөлімшесі бастауыш партия ұйымының төрағасы болып сайланды.

Ерман Әбдиев, Тараз