Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
«Тәуелсіз Қазақстан» – Абай елінде
2 мин чтения
Апта жексенбісінде Семей темір жол вокзалына арнайы мамандандырылған мерекелік «Тәуелсiз Қазақстан» жолаушылар пойызы келіп тоқтады.
Бұған дейін ол Шығыс өңірінің Ақтоғай, Защита, Шар станцияларына аялдады. Бекет перронында 7 министрлік және 3 қазақстандық Ұлттық компания өкілдерінен құралған, 270 жолаушысы бар пойыз делегациясын семейліктер салтанатты түрде қарсы алды. Пойыз штабының басшысы, Астанадағы Еуразия университетінің профессоры, танымал тарихшы Әміржан Әлпейісов жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеп, семейліктер ілтипатына зор алғысын білдірді.
Осыдан соң қала тұрғындары арнайы пойызбен жеткен, білім беру, медицина, әлеуметтік қамсыздандыру, заң мәселелері бойынша білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш пойызбен әсіресе дәрігерлер қауымы көп келіпті. 70-тен аса медицина саласының қызметкерлері Семейдегі №1 емханада тұрғындарды қабылдап, консультациялық қызметтер көрсетті. Мұнда тәуліктің екінші жартысында да қабылдауға келгендердің ұзын-сонар кезегі толастамады.
Бұл пойыздың тағы бір басты мақсаты, ел егемендігіне орай ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу екен. Атап айтсақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 жылдың белестері» тақырыбында қаладағы жоғары оқу орындарында дәріс-тұсаукесерлер болып өтті. Сонымен қатар, Шәкәрім атындағы университетте қазіргі заманғы білім беру мәселелері және техникалық, кәсіби бағыт туралы танымдық жиын өтсе, қаладағы Достық үйінде «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ұлттың рухани негізі» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, қала ақсақалдарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызымен келген меймандар шаһардағы Абай мұражайында болып, кешкілік қалалық мәдениет үйінде мерекелік концертті тамашалады. Ал осыдан соң аталмыш пойыз бөлімшеге қарасты Дегелең станциясына аттанып кетті. Мұнда арнайы пойыз мүшелері бір кездері Семей ядролық сынағының орталығы болған Курчатов қаласы тұрғындарымен жүздесіп, қажетті көмек көрсетіп, жұртшылық алғысына бөленді.