Оңтүстік шағын ауданы мен қала орталығын байланыстыратын, Шымкент станциясының 23 жолымен түйісетін Қапал батыр көшесіндегі 6 жолақты темір жол өткелінің құрылысы бітіп, ұзындығы 500, ал ені 24 метрлік көпір толығымен пайдалануға берілді. Үш жолақты бір бөлігі қыркүйектің басында берілсе, араға екі ай салып, екінші бөлігі де халықтың игілігіне ұсынылды. Мердігер «Береке А» корпорациясы 1 млрд теңгеден астам қаржыға қайта салып шыққан көпір кеңес дәуірінен күрделі жөндеу көрмеген екен. Бұрынғы ескі көпірдің ені 8 метр ғана болыпты. Тар өткелден қозғалған көліктер жиі кептеліп, апаттар да орын алатын. Енді мұнда көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де емін-еркін жүруге мүмкіндік бар. Екі жылдан бері аймақтағы темір жол басшылығы уақытылы толаскез беріп, көпір құрылысының мерзімінде аяқталуына да септігін тигізді.

Бекәли АЛТЫН, Шымкент