Динар МЕЙІРМАН, Түркістан
Тарихи өңірді тамашалады
2 мин чтения
«ҚТЖ» ҰК» АҚ демеушілігімен саяхаттап жүрген «Туған елге саяхат» атты балалардың туристік пойызы қарашаның 4-5 күндері Түркістанда болып, көне Отырар, Сауран қалаларын және Ақ мешіт үңгірі мен Қ.А. Яссауи мавзолейін аралады.
– №501-502 алты вагонды арнайы пойызда ел аумағынан 11-15 жас аралығындағы 120 бала жиналды. Төрт мезгіл ас-ауқаты беріліп, вагондағы бос уақытта ағылшын тілінен, шахматтан, түрлі өлең айтудан жарыс өткізіліп тұрды. Төрт топқа бөлінген балғындар, сегіз тәрбиешінің қадағалауында. Яғни, әр вагонда екі тәрбиеші мен екіден он жолсерік қызмет етіп келеді. Сапар Астанадан басталды. Бас қалада екі күн қыдырған соң, пойыз Байқоңырға аялдап, ғарыш айлағын осынша тәулік тамашалады. Түркістаннан кейін Алматының көрікті жерлерін тағы көрсетеміз. Қазанның отызында шыққан пойыз қарашаның жетісінде Астанаға жетеді. Жолшыбай тоқтаған станциялар сумен, көмірмен жабдықтап жатыр. Вагонда қандай да бір ақау болса жылдам жөндеп беруде, – дейді пойыз бастығы Түсіп Тілеулесов.
Түркістанның киелі жерлерін аралаған балалардың көңіл-күйі көтеріңкі. Пойыз ішінде денсаулықтарын қадағалап тұратын дәрігер де қастарында. Сондықтан саяхат алаңсыз өтуде.
«Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобы орналасқан өңірлерде «Менің Елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Қазақстан бойынша «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның тоғыз еншілес компаниясы бар екен. 120-ның ішінде 90 бала осы еншілес компанияларда жұмыс істейтін мамандардың ұл-қыздары болса, қалған 30 бала жаздағы түрлі шығармашылық сайыстардан оза шыққан өнерлі оқушылар. Биыл бірінші рет ұйымдастырылған жоба жалғасын тапса, жыл сайын ұландар туған жерінің тамаша жерлерінде саяхаттамақ.