Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау.
Дарынды бүлдіршіндер
1 мин чтения
Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық «Балауса болашақ» байқауының жүлдегерлері марапатталды.
Балалардың дүниетанымын қалыптастыруға, ақыл-ойын дамытуға септігін тигізер бұл сайыс 5-8 жас аралығындағы бүлдіршіндерге еркін тақырыпта, 15 жасқа дейінгі балаларға «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» тақырыбында өткізілді. Балақайлар «Менің шаңырағым», «Ең бастысы – отбасым», «Менің Қазақстаным», «Гүлденген Қазақстан», «Сүйікті тағамым», «Алтын балық», «Ақылды мысық», «Анама сыйлық», «Аюлар» сынды көріністерді бейнелеген маңғыстаулық 18 баланың үшеуі жеңімпаз атаныпты. Мәселен, бірінші орынға лайық деп электромеханик А.Ташеваның 5 жастағы қызы Зарина Хожамұрат танылыпты. Дарынды бүлдіршінге бағалы сыйлық табыстаған Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Мұхтар Бақтыгереев балалардың сурет салуға деген әуесқойлығын жоғары бағалады.
─ Сурет салуға деген икем баланың сәби кезінен байқалады. Астанадан орын алып, ата-аналарын қуантып отырған дарынды балаларымызға біз де ризамыз, – деді ол.
Байқауға қатысқан 9 жастағы Әбілмансұр Ұлықпанға үшінші орынға ұялы телефон, 6 жасар Мадина Бауыржанға «көрермендер көзайымы» номинациясы бойынша үстел теннисі табысталды. Ал, қалған 15 балаға ынталандыру сыйлықтары – сурет салуға арналған құралдар мен ертегі кітапшалар берілді.