Ұлан ОРАЗ
Жаңа вокзалда – жауапты жиын
2 мин чтения
Астана станциясының бастығы Әділет Айтбектің төрағалығымен Елордада салынып жатқан жаңа вокзалда көшпелі отырыс өтті.
Астана темір жол торабындағы мекемелер, атап айтқанда ТЧЭ, ВЧД, УПЧ, ШЧ өкілдері де жиынға қатысып, вокзал кешенінің құрылысы біткеннен соң оны пайдалану және жұмысын ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Басқосуға сонымен қатар Ірі жобаларды жүзеге асыру орталығының өкілдері, Қырқыншы станциясының бастығы Қайрат Ермеков, Астана-Жолаушылар станциясы темір жол вокзалы кешенінің бас инженері Орал Құсайынов қатысты.
Жиын барысында Астана және Қырқыншы станцияларының дамуы мен өткізу қабілетін арттыру, сумен жабдықтау және тұру орнына баратын жолды ашу, Тальго вагондарынан құралған құрамдарды, соның ішінде кең шанақты вагондарға техникалық қызмет көрсету, Қырқыншы станциясы алқымын қайта құру мәселелері талқыланды.
– Бұған қоса, бірінші іске қосу кешенінде СОБ нысандарын басқару, жөндеу тораптарының орналасуы, СОБ және байланыс кабельдерін дәнекерлеу мәселелерін, эстакадаға барар жолдарды қардан тазалау, жолдың қиыршық тасты және тасы жоқ қабаттары бар бөліктерінің жағдайы, вокзал кешенінің жұмыс істеу тәртібі, кезекші персоналдың қызметтік орындарының орналасуы, шығу, ауысу бағыттамалары бар жолдардың сыйымдылығы, жолаушылар пойыздарын қабылдау және жөнелтуді вагон түріне байланысты өз құрылымында ұйымдастыру, олардың бағыттары, Тальго, КВЗ, ТВЗ вагондарынан тұратын жолаушылар пойыздары құрамдарын техникалық жағынан жөнелтуге дайындауды ұйымдастыру, маневрлық операцияларды жүзеге асыру үшін локомотив күшінің түрін анықтау, эстакададан екі жаққа еңістердің болуы сынды мәселелердің бәрін де қарастырдық, – дейді Ә. Айтбек.
Жиын қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді «Станция бастығы күні» өтетін апталық отырыстарда қарастырып отыру туралы шешім қабылданды.