Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
Болашақ – жиырмасыншы аялдама
2 мин чтения
Қарашаның 25 күні «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Маңғыстау түбегінің қияндағы Болашақ станциясына ат басын тіреді.
Шыңылтыр аязға қарамастан ерекше мақсаттағы мамандандырылған құрамды күтіп алуға жиналған қарақұрым халық вокзал перронына сыймай кетті...
«Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылып отырған «Тәуелсіз Қазақстан» халық арасына шыққан тоғызыншы әлеуметтік пойыз екен. Болашақ – 1 қарашада Астанадан шыққан пойыздың жиырмасыншы аялдамасы екен. Пойыз құрамында Парламент депутаттары, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ауыл шаруашылығы, Ақпарат және коммуникация, Мәдениет және спорт, Әділет, Ішкі істер министрліктері мен «Бәйтерек», «ҚазАгро» ұлттық холдингтері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен құралған 270-тен астам мамандар бар.
Сол күні жергілікті орта мектептің акт залында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы өтті. Жалпылай айтқанда, 7 министрлік мамандары халықтың базынасын тыңдады. Онда ауыл тұрғындарына жұмыссыздық, кәсіпкерлік, баспана, жер, жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды ашу, сот актілерін орындау мәселелері бойынша кеңестер беріліп, еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары туралы деректер кеңінен айтылды. Сондай-ақ, акция аясында қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық қабылдауына 13 азамат өтініш білдірді. Барлық мәселелер бойынша түсініктемелер беріліп, сол жерде шешілгендері де болды. 215 азаматқа медициналық, диагностикалық және консультациялық көмек көрсетіліп, 3 адамға зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 116 адамға техникалық және кәсіптік білім беру, кредиттік оқыту жүйесі бойынша, 5 адамға құқықтық сұрақтар бойынша кеңестер берілсе, 18 адам мемлекеттік қызметке байланысты мәліметтерге қанықты. Сондай-ақ, бұл жердегі тұрғын үйлердің барлығы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ балансындағы үйлер. Кешкілік «Болашағымыз – бірлікте» форумы ұйымдастырылып, әннен шашу шашылып, биден өрнек өрілді. Аязды күнді жылытқан мереке көрермендерге естен кетпес қуаныш сыйлады.