Алып локомотивтерді тізгіндеуші мәртебелі мамандық иелерін темір жол тарихында тұңғыш рет шығарылған «Құрметті локомотив машинисі» төс белгісімен марапаттау жалғасуда.

Ауыр да жауапты қызмет иелерінің имиджін көтеру мақсатында жарияланған «Машинист жылы» аясында өз ісінің кәсіби білгірлері – астаналық машинистерге бұл марапат әріптестер алдында салтанатты түрде табысталды. Ерекше құрметке ие болғандар – Астана локомотив пайдалану депосының майталман машинистері – 25 жылдан астам тәжірибелері бар Александр Филатов пен Бауыржан Алибаев. Таңдаған кәсібінде тапжылмай тұрақты еңбек ете отырып, сол ұзақ жылдар ішінде табысты көрсеткіштерге қол жеткізген оларға арнайы төс белгі мен куәліктерін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның жылжымалы құрам бойынша атқарушы директоры Айтын Құрақбаев табыстады. Сонымен қатар олар 15 АЕК көлемінде сыйақыға ие болды. Биылдан бастап шығарылған «Құрметті локомотив машинисі» төсбелгісіне ие болатын жандар – осы саланың ең үздіктері, нағыз дарабоздар болып саналады. Үлкен мерейтой қарсаңында марапатталған машинистерді құттықтай отырып, алдағы жұмыстарыңызға дәл осындай табыстар тілеймін. Бұл төсбелгіні қашан да зор мақтанышпен, кеуделеріңізден тастамай тағыңыздар, – деді А. Құрақбаев құттықтау сөзінде. Сондай-ақ ол еліміздің теміржолындағы локомотившілер өмірінен соңғы жаңалықтармен, болашақ жоспарлармен бөлісті. Құрметті атаққа ие болған Бауыржан да, Александр да – 2-ші класты машинистер. «Тальго» пойызын алғашқылардың бірі болып Астанадан Көкшетауға дейін тізгіндеген А. Филатовтың 37 жылдық еңбек өтілі бар. Ол аталған бағытта  жолаушылар пойызын тасымалдаса, Б. Алимбаевтың 25 жылдық тәжірибесі бар, ол Астана станциясы жолдарында маневрлық жұмыстарға араласады. Бұл күні депо директоры Мақсұт Ибраев локомотившілер арасынан елеулі еңбегімен көзге түскен Арыстанбек Асанов, Жанболат Сембаев, Ержан Байқадамов және Сергей Парамоновтарды алғыс хаттармен марапаттады.

Райхан Рахметова, Астана