Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Той-тойға ұласты
1 мин чтения
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына арнайы шығарылған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 4 желтоқсан күні Сыр еліне жетіп, Қызылорда теміржол вокзалына тоқтады.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Аманкелді Арысбаев бастаған теміржолшылар мен Сыр жұртшылығы қатысып, Республикамыздың Тәуелсіздік алған күнінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі қол жеткізген жетістіктері мен алған асуларына сараптама жасаған қонақтарды ақындар жырдан шашу шашып қарсы алды.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдаудан басталған пойыз құрамының жұмыс кестесі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін кеңестер беру қызметіне қатысты сауалдар төңірегінде облыстық халыққа қызмет көрсету орталығында жалғасты. Сонымен қатар зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесулер, тұтынушы құқығын қорғау жұмыстарына сай кеңес беру, ауыл шаруашылығы мәселелері жайлы лекциялар, таныстырылымдар, медицина мәселелері, білім саласы бойынша бағдарламаларды насихаттау және шағын және орта кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту бойынша кеңестер пойыз құрамындағы жауапты министрліктер мен өкілдіктердің мамандары мен қызметкерлері тарапынан жүргізілді.
Кешкілік пойыз құрамындағы мәдениет саласы өнерпаздарының дайындаған ел егемендігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» акциясының гала-концерті А. Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде көпшілік назарына ұсынылды.