Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Қабылсайда мектеп ашылды
1 мин чтения
Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойларына орай Шымкент бөлімшесіне қарасты Қабылсай бекетінде 150 орындық орта мектеп ашылды.
Небәрі сексен түтіні бар ауылда еңбекке жарамды халық түгел теміржолшы, күнкөріс теміржол болғандықтан мектеп оқушылары да тек теміржолшылардың балалары. Күні кешеге дейін жұмыс істеген бекет ресми түрде бүгінде жабылып қалғанымен теміржолшылар жұмысын тоқтатқан жоқ.
Білім ошағының ашылуына жергілікті теміржолшылар, қала әкімі мен облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
– Мектеп шағын болғанмен соңғы үлгіде, компьютер және физика-химия кабинеттерімен жабдықталған. Интерактивті тақта, оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттері де бар. Бұрын осы ауылда өскен біздің біріміз Арыста, екіншіміз Түркістанда туыстардың үйінде жатып оқитын едік. Бұдан кейін қабылсайлық оқушылар мектепті өз ауылдарында аяқтайды. Ауыл болып соған қуанып жатырмыз, – дейді Қабылсайдағы теміржолшылар әулетінің өкілі, «Шымкент бөлімшесі» ЖТ филиалындағы диспетчерлік орталықтың электр-механигі Панзарбек Жаңабаев.
Арыс қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, қабылсайлықтар қуанышына ортақтасты.