Қызылордаға ат басын тіреген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының  делегаттары жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп,  кеңес берді. Пойыз құрамындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметкері Данияр Сыдықов Облыстық кәсіпкерлер палатасына келіп, жергілікті бизнес өкілдерімен жүздесіп, өңірдегі кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.   Кездесу барысында қызылордалық кәсіпкерлер «Микробизнес Қызылорда» жобасын жалғастыру жөнінде өтініштерін жеткізді. Ал Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ілиясов Қожахмет кәсіпкерлерге жақсы жаңалығын жеткізді, келесі жылдан бастап кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «бір терезе» ұстанымы бойынша жұмыс істейтін болады, яғни бұдан былай кәсіпкерлерге қала құрылысы саласына қатысты рұқсат құжаттарын алуға мүмкіндік тумақ. Кездесу барысында «Атамекен» келесі жылдан бастап кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтардың жобасын басынан-аяғына дейін сүйемелдеуді қолға алатындығы айтылды. Кәсіпкерлердің ықыласын оятқан саланың бірі ауыл шаруашылығы саласы болды. Осыған байланысты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов қазіргі кезде облыста жан-жақты маркетингтік зерттеулердің арқасында ауылшаруашылық саласының картасы жасалынып жатқанын айтты. Бұл құжат кәсіпкерлердің қандай өнім өндірген дұрыс, қалай сату керек деген сияқты сауалдарына жауап береді.

Тәңірберген АРҒЫН