Райхан РАХМЕТОВА Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Тәуелсіздік құрдастары сайысты
2 мин чтения
Қазақстан темір жолының тәуелсіздікпен құрдас жастары «Тәуелсіздікке 25 жыл» атты байқауда бақ сынады. Теміржолды темір қазық еткен жас мамандар өз дәуірінің талаптарына сай біліктілікпен қаруланғандықтарын танытты.
«Қазпрофтранс» ҚБ ұйымдастырған шараға алты жас теміржолшы қатысып, байқаудың үш шарты бойынша білімдері мен өнерлерін көрсетті. «Мамандығым –мақтанышым» атты бірінші кезеңде өздерін таныстырғандар ішінен Астана станциясының жетекші инженері Дамир Берікқазиновтың вагондар жылдамдығын реттеуші қызметі туралы жан-жақты баяндап, әріптестерінің күн сайынғы пойыздарды қабылдаудағы қажырлы еңбегі туралы көрсеткен бейнеролигі оның өз ісінің нағыз білгірі екенін көрсетіп, жоғары баға алды. Ал «Солтүстік» аймақтық филиалының жетекші есепшісі Сабинаның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан көрініс көрсетіп, қайғырған ананың рөлін сомдаған қабілеті көпшілікті таңқалдырды. СТЦ операторы Перизат Аяпбергенованың өз өнерін көрсетуде кең дауыспен ән салуы оның әншілік те қабілеті барлығын паш етті. Өзбек биін мың құбылта билегенде кәсіби мамандардан кем түспеген КФХО бас маманы Кәмшат Исергенова да өз өнерімен қазылар алқасын тәнті етті. Астана станциясы СТЦ операторы Данабек Ермағамбетовтің ана тіліне деген құрметі сөз саптауынан, қазақ жігіттері туралы айтқан әнінен көрініп тұрды. Мәнерлеп өлең оқуға шағын қойылым көрсету арқылы дайындалған Магистральдық желі бөлімшесінің менеджері Нұржамал Фазылованың да өнері тыңдарманға ұнады.
Екінші сайыс – «Еңбек кодексінің білімдері» деп аталып, бұл кезеңде жас мамандар сұрақтардың бәріне толықтай дұрыс жауап берді. Сайыскерлерге кәсіподақшылар мен сала ардагерлері баға берді.
Жарыс қорытындысында өз қызметіне деген адалдығын сахна төрінде дәлелдеген Дамир бірінші орын, Сабина екінші жүлдені, Кәмшат үшінші орынды, Данабек төртінші, қалған орындарды Перизат пен Нұржамал иеленді. Барлық жүлдегерлер диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кештің әсерлі өтуіне Алтынай Нысанбаева, Жеңіс Жасұланқызы, Саян Нұртазин, Ақбар Жүнісов сынды талантты теміржолшылар өз өнерлерімен атсалысты.