Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
Ар-намысым, желтоқсан...
1 мин чтения
Маңғыстау вагон пайдалану депосында «Ар намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан!» атты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік сайыс өтті.
Сайысқа төрт команда – Маңғыстау, Жаңаөзен және Бейнеулік вагоншылар мен депоның кеңсе қызметкерлері қатысып, үш кезеңнің сынағынан өтті. Сайыскерлер кезекпе-кезек сахнаға шығып, алдымен өз мекемелерінің тарихы мен жеткен жетістіктерін таныстырып өтті. Ұжым тізгінін ұстаған теміржолшыларды, олардың қауіпсіздікті сақтау жолындағы ерен еңбектерін ортаға салды.
«Көрініс» кезеңінде 1986 жылы 16-17 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары, жүректе өшпес із қалдырған Желтоқсан көтерілісі өте әсерлі кейіпте бейнеленді. Соңғы үшінші кезең – пародия. Мұнда қазақтың белгілі тұлғаларына яки жұлдыздарына пародия жасау керек болды. Бұл тұрғыда барлық команда тартымды өнер көрсетіп, әділқазылар алқасынан жоғары баға алды.
Жарыс қорытындысына сәйкес, жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген Өзен станциясының вагоншылары I орынға лайық деп табылып, 25 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. II орынға қол жеткізген Маңғыстау вагон пайдалану депосына 20 мың, III орынға табан тіреген кеңсе қызметкерлеріне 15 мың, IV орынға ие болған Бейнеу ауданының вагоншылары 10 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.