Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жүргізіліп жатқан іс-шаралар легі артуда. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев бір топ компания қызметкерлеріне салтанатты түрде мерекелік төсбелгі табыс етті.
Бұл күні Компания жетекшісінің қолынан Елбасының жарлығымен мерейтойға орай арнайы дайындалған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік төсбелгісін алғандар қатарында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қазақ темір жолының жоғын түгендеп, ұлттық компанияның дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер қатары мол болды.
–Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің мемлекетіміздің көлік жүйесі, әуе, автомобиль және темір жол саласына сіңірген еңбектеріңіз орасан зор. Оған қоса Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына да белсене атсалыстыңыздар. Сіздер осынау ерен еңбектеріңіз еленіп, қандай марапатқа болса да кенелуге лайықсыздар, – деді әріптестерін құттықтаған Қанат Қалиұлы.
–Бүгінгі марапат – тәу етер тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихындай қымбат. Еңбегімізді елеп жатқан ел ағасына алғысымыз шексіз! Ел аман, жұрт тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болып, темір жол саласы өркендей берсін, – деп ой бөлісті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ корпоративтік омбудсмен Бейбіт Жүсіпов.
Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ
Суертті түсірген Александр ЖАБЧУК