Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Елордадан «Астана-Қарағанды» және «Астана-Көкшетау» бағыттары бойынша қос электропойыз сапарға аттанды.
Сарыарқа төсінен сапарға шыққан жолаушылар су жаңа электропойызды көріп қуаныштары мен таңданыстарын бірдей білдіріп, риза болып жатты. Электропойыздардың сыртқы және ішкі келбеті өзгергенмен, маршрут бағасы бұрынғыша екен.
–Барлығы 377 орындық бұл электропойыз Қазақстан темір жолының тапсырмасы бойынша жасалынды. Жыл соңына дейін 4 құрам келеді. Барлығы 6 вагоннан 24 вагон болып есептеледі. Электропойыз құрамында 2 вагон бірінші класс, 2 вагон екінші класс, қалған 2 вагон үшінші кластан тұрады. Әртүрлі класты 6 вагондық жайлылығы жоғары элетропойыздарда, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Қоларбамен қатынайтын жандар үшін мамандырылған көтергіш, қауіпсіздік белбеу, жеңіл арбаны бекітуге арналған құрылғы және жолсерікті шақыру үшін жеке батырмамен қамтамасыз етілген орындар қойылған. Сондай-ақ қол жуатын және дәретхана да орналастырылған. Сонымен қатар, электропойыздар әлемдік қала маңы стандартына толығымен сәйкес келетіндіктен, Кедендік Одақтың техникалық регламентіне де сай. Жолаушылардың арасында әртүрлі жастағы адамдар болатындықтан, жұмсақ орындықтар мен интернет желісінде ақпараттық ойын-сауық порталы мен көңіл көтеретін фильмдер мен ойындар ұсынылмақ,-деді «Қала маңындағы тасымалы» АҚ вице-президенті Сұлтан Табынбаев.
Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК