Асқар Ақтілеу, Шұбарқұдық
Шұбарқұдықта шыңдалған
2 мин чтения
Ерболат Дәрібаев Қандыағаш – Сағыз жол телімінің қауіпсіздік жөніндегі ревизоры. Шұбарқұдық ауылында туып-өскен оның теміржол бойындағы еңбек өтілі 15 жылға жуықтапты.
Ерболаттың міндетіне Қандыағаш пен Сағыз станцияларының аралығында орналасқан 15 станция мен разъезд қауіпсіздігін бақылау жүктелген. Онда барлығы 90-нан астам теміржолшы бар. Бір ай көлемінде 15 елді мекенге кемі бір рет ат басын бұрып, ондағы теміржолшылармен жеке-дара кездесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты сынақтарын өткізіп, кемшіліктерін көрсетіп, қажет болса, дәріс оқып, өз міндетіне сай аянбай тер төгіп келеді.
– Бір станцияға немесе разъезге бір күн кетеді. Асығыстық танытып, аз уақытта бірнеше разъезді үлгеруім керек деген ой болмау керек. Жұмысымды тиянақты атқаруға тырысамын. Шұбарқұдық станциясында 30-дан астам теміржолшы бар делік, ал қалған 14 елді мекеннің әрбірінде орта есеппен 4-5 адамнан келеді, – дейді ол.
Ревизордың айтуынша, елді мекендерге сапардың жоспарланған және аяқасты түрлері болады.
– Жоспарда көзделген болса, ертерек ескертесің. Ал аяқасты, ойламаған жерден барып тұтқиылдан тексеру жүргізген кездер болады. Жалпы, жұмысшылардың білімі жаман емес. Кейде ережелерді дұрыс білмей, қайта емтихан тапсырады. Білмегендерін сұрап жатады. Арасында өндірісті қайткенде жақсартсақ деген оймен тиімді ұсыныс-тілектерін де басшылыққа жеткізуімді сұрап жатады, – дейді Ерболат Дәрібаев.
Екі қыз, екі ұлдың әкесі, келіншегінің де станция қызметкері екенін айтады. Яғни теміржолшылар жанұясы. Тұңғыштары студент. 1996 жылы Шұбарқұдықта мектеп бітіріп теміржолшылар колледжіне құжат тапсырғаны күні кеше секілді еді. Оқу бітірген соң станцияда жүк қабылдап алып-тапсырушы болып еңбек жолын бастады, одан Қандыағашта дөңес паркінің кезекшісі, станцияның бас инженері болды. Жем станциясында жүк бөлімін басқарды.