Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Бір атаның балалары
1 мин чтения
Шымкентте «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты кіші футболдан өткен республикалық турнирге теміржолшылар әулеті де қатысты.
Аудан, облыс төңірегіндегі іс-шараларға белсенді атсалысатын Жаңабаевтар әулеті бұл жолы да 28 команданың ішінде ондыққа ілінді. Отбасы құндылығын арттыруға арналған сайыстың авторы, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы, ал шараны ұйымдастырушы «Спорт» газетінің ұжымы. Жалпы ойыншылар санында шек болмағанмен, бәрі бір атаның балалары болуы шарт делінген.
– Бұрын тек аудан, ауыл арасындағы жарыстарға қатысып келдік. Ал, республикалық жарыста бауырларыңмен бірге намысты қолдан бермеу үшін ойнау - әлдеқайда тартысты болады екен. Турнирді қолға алушы Несіп Жүнісбайұлы әр топтың құжатын, әрбірінің тегі мен аты-жөніне дейін түгел өзі тексеріп, әділ өтуіне атсалысты. Екі күндік жарысқа әулетіміздің 9 мүшесі қатысты. Екеуі оқушы, біреуі студент, қалғанымыз теміржолшымыз, – дейді «Шымкент бөлімшесі» ЖТ филиалындағы диспетчерлік орталықтың электр-механигі Панзарбек Жаңабаев.