Спорттық ойындарсыз тойдың сәні келер ме? Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына орай Маңғыстау темір жолында түрлі спорттық іс-шаралар лек-легімен өткізілуде. Осы аптада Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің ұйымдастыруымен шахмат және дартс ойындарынан іріктеу жарысы өтті. Сайысқа Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы, Маңғыстау пайдалану локомотив депосы сынды сала өкілдері қатысып, шахмат сайысы бойынша бірінші орынды Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының электромеханигі Нұрбол Ғалымжан жеңіп алды. Екінші орынға «ЖТ Маңғыстау» бөлімшесінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі бастығының орынбасары Сергей Тулиев, үшінші орынға осы бөлімшенің инженері Марат Ағатай ие болды.Дарт ойынынан өткен жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға электромеханик Ерік Дандыбаев, екінші орынға пойыз диспетчері Руслан Ахметов, үшінші орынға ағаш шебері Амантай Кисегулов қол жеткізді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.