Қуан ЕРТІС, Семей
Күшейтілген режимге көшті
2 мин чтения
Өткен жылдың соңғы тоқсанында Семей жүк тасымалдау бөлімшесі бойынша жүк тасымалының артуы, транзиттік пойыздардың қозғалыс жиілігі байқалды. Осы орайда желі бойындағы жұмыстар жүйеленіп, шұғыл тексеру және тиісті шара қабылдау ісіне мән берілуде.
Аталмыш шараларға өткен жылдың 12 желтоқсаны мен 1 наурызға дейін жүргізілуі тиіс «бүйір рамасын бақылау» атты күшейтілген режим негіз болып отыр. Осы ретте бөлімше бойынша ревизорлық бригадамен қатар басшылық құрамнан тұратын арнайы комиссия құрылып, желі бойында рейдтік сапарға шығып, қарқынды жұмыс жүргізуде. Басты мақсат – жүк вагондары арбасының құйма бөлшектерінің сынуының алдын алып, пойыз қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы себепті, әсіресе, вагон шаруашылығына баса көңіл бөлінуде. Яғни, бірінші кезекте, вагондарды жөндеу мен қабылдап алу ісі қатаң қадағалауға алынды. Сондай-ақ, бүйір рамаларын дефектоскопиялық тексеруден өткізу мен техникалық күтім бекеттеріндегі кешенді жұмыс барысы қатаң назарға алынған. Осы мақсатта инструкторлық құрам мүшелері тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Бір бұл емес, әсіресе ірі станцияларда локомотив бригадалары мен пойыз құрастырушылары арасында тиісті инструктаж өткізілуде. Мұнымен қатар, вагон шаруашылығы тақырыбындағы техникалық дәрістер мен семинарлар, түрлі басқосулар жоспардан тыс ұйымдастырылуда.
Аталмыш бағыттағы атқарылып жатқан шаралардың барлығы да бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаевтың тікелей қадағалауында. Мысалы, басшылық құрамнан тұратын комиссия тіпті, мереке күндерінде де желі бойына шығып, шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізген болатын.
Қазіргі күні теміржолшылар айлық талабымен толық таныстырылған. Жалпы, мұндай шаралар қызметкерлердің қырағылығын арттырып, жұмыс барысында сергек әрі бабында болуларына септеспек.