Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Бүлдіршіндерге сыйлық таратты
1 мин чтения
Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақардан тосын сый күту, Аяз атаның сыйлығын алу кез-келген баланың арманы.
Сыр бойы теміржолшылары балалардың осы арманын орындау үшін кәсіподақпен бірлесіп, жаңа жыл қарсаңында қоржын толы сыйлығымен Аяз атаны жолға шығаруды дәстүрге айналдырған. Міне, кешеден бері «Қазпрофтранс» ҚБ аймақтық филиалы бастамасымен Ірілендірілген Қазалы жол дистанциясының кәсіподақ ұйымының бірнеше мүшесі шағын станцияларды, дистанция телімдерін аралап, теміржолшылардың отбасындағы бүлдіршіндерге жаңа жылдық сыйлықтар, түрлі ойыншықтар мен тәттілер таратты.
Кәдімгідей пойызға мініп, сонау алыстан келген Аяз атаны жүректері жарыла жаздап, перронда күтіп алған шағын станция балаларының қуанышында шек жоқ. Кәсіподақ қызметкері Дастан Абишев Сексеуіл мен Жосалы станциялары арасындағы телімдерді аралап, балаларға ұйым атынан жаңа жылдық сыйлықтар таратса, Айзада, Ақмарал және Назым сынды арулар Ақшақар кейпіне еніп бүлдіршіндерді ойнатып, билетіп, ән салдырып, тәттілер үлестірді.