Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Қоршау да кедергі емес...
2 мин чтения
Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің өткен жылғы жұмыс қорытындысына қарап, бірқатар көрсеткіштердің жақсарғанын байқау қиынға соқпайды.
Әсіресе, теміржолшыларды бейсауыт жандардың рұқсат етілмеген жол бойында жүретіні алаңдатады. Басқа өңірлермен қатар, Ақтөбе теміржолының қауіпті деген телімдерінің бойына биіктігі екі метр темір қоршаулар тұрғызыла бастағалы, адамдардың пойыз астына түсіп қалу оқиғасы азайып, бастама оң нәтиже бере бастағаны талас тудырмайды. Дегенмен, теміржолшылар қауымы кейбір жаяу жүргіншілердің мұндай қоршауларды бұзып кету жайттарын да жасырмайды. Демек, қажалына асыққандарға қоршау да кедергі болмай тұр...
Магистральдық желі бөлімшесі бойынша пойыздар қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өткен жылдың он айында 8 жағдайға жол беріліпті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жағдайға болса да аз. Сонымен бірге, 11 рет шұғыл тежегішті басу дерегі тіркелген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 бірлікке көп. Бірнеше мысал келтірсек, сәуір айында Ақтөбе – Жіңішке өткелінде рельстер арасымен жүріп келе жатқан адамды байқаған пойыз машинисі дереу тежегішті басады. Тек соңғы сәттерде ғана азамат жолдан шығып үлгереді, дегенмен бас және аяқ жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. Ал Әлжан – Бестамақ аралығында пойыздың астында қалған адам өкінішке орай тірі қалмады. Никельтау жол дистанциясында Әйтеке би – Қызылсай өткелінде жолға шығып кеткен малды көрген тепловоз машинисі дереу тежегішті басады. Әлжан – Ақтөбе-2 аралығында бөгде адамды байқаған машинист те жылдам әрекет етеді, абырой болғанда, жолаушы аман қалды.
Міне, осындай мысалдар жиі кездеседі. Мұның салдары пойыздың кідірісіне әкеліп соғады. Ал пойыз құрамдары кемі екі минут, көп дегенде 8-10 минутқа дейін тұруға мәжбүр болғанның өзінде ол қыруар шығын.