ҚР тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген бағыт пен мақсаттарды іске асыру үшін «ҚТЖ» ұлттық компаниясының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленуде. –Компанияның іс-шаралар жоспары мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты мен міндеттерін іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдің темір жолдың барлық саласында қолданылуына және оны одан әрі дамытылуын қамтамасыз етуге негізделген. Мемлекеттік тілді оқыту процесін, оған сұранысты  және мәртебесін арттыру, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы – мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуде жүргізіліп отырған үйлесімді тіл саясатын насихаттауымыз керек. Бұған қоса компания қызметкерлерінің «Қазтест» бағдарламасы бойынша тестілеуден өтуі, көпшілік мәдени, спорттық және қоғамдық шаралар кезінде мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз ету сынды қосымша міндеттер бар, – дейді ұлттық компанияның Темір жол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығының бас маманы Ербол Тоқтағазы.  Әзірге дайындалып жатқан жоспар жобасы ішінде қазақ терминологиясын, тілдік ортаны қалыптастырудың, тілдерді дамытудың өзекті мәселелері бойынша республикалық, аймақтық  конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер өткізу, ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппаратының қызметкерлерін мемлекеттік тілге оқыту бойынша курстар ұйымдастыру, ұлттық компанияның «Шаруашылық басқармасы» филиалының құжаттарды аудару және түзету бөлімімен бірлесе отырып, теміржол саласы бойынша бірыңғай терминологиялық сөздік әзірлеу, жұмыс барысында қолдану үшін еліміздегі  теміржол станциялары атауларының қазақша-орысша, орысша-қазақша анықтамалығын дайындау, құжат дайындау кезінде жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерінің қазақша-орысша, орысша-қазақша жинағын әзірлеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр екен.       Орталық өкілі Е.Тоқтағазының айтуынша, бұған қоса Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі аясында құжаттарды мемлекеттік тілде дайындайтын «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерін марапаттау, қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруіне қажетті жағдайлар жасауда  үздік нәтиже көрсеткендері үшін «Үздік департамент», «Үздік филиал», «Үздік акционерлік қоғам» номинациялары бойынша марапаттау, т.б іс-шаралар жоспарға енгізіліп жатыр.                       Жоспар толық әзірленіп бітпеген, әлі заңгер, сарапшы мамандар сүзгісінен өтеді. Сондықтан жобаға өзгерістер енгізілуі  мүмкін.

Райхан РАХМЕТОВА