Семейлік теміржолшы жастар жылды жаңашыл бастамалармен бастады. Ең алдымен бөлімше бойынша белсенді іс-қимыл танытып жүрген жастар ұйымының құрамы жаңарды. Жаңа буынға бұрынғыша жетекші инженер Ләззат Айтмұханова жетекшілік ететін болады. Ал ұйым белсенділерінің көшбасшылығын Семей магистральдық желі бөлімшесі кадр бөлімінің бастығы Қазбек Қаршығанов пен жастар кеңесінің аймақтық өкілінің орынбасары Динара Тоқтарханова, ШЧ-29 инженері Тимофей Ломакин сынды жастар атқарады. Олар өзара әрбір шараның міндеттілігін де бөлісіп алған. Мәселен, жастардың КВН лигасы мен түрлі байқаулар өткізу, әлеуметтік шаралар ұйымдастыру сынды іс-шаралардың әрқайсысына жекелей тағайындалған жауапты адамдар бар. Бұдан өзге желі бойындағы, бөлімшеге қарасты әрбір мекеме бойынша бір-бірден жауапты қызметкерлер тағайындалды. –Өткен жылы негізінен әлеуметтік салаға баса көңіл бөлінген еді. Бөлімше басшысы Марлен Кәрімұлының ақыл-кеңесімен биыл да сол қарқынмен жалғастыратын болдық. Нақтырақ айтсақ, «Балалар күлкісі станциясы» мен «Жазғы каникул» сынды жобалар межеге алынуда. Сонымен қатар, теміржолшы жастарды қоғамдық шараларға тартуда да күш салынатын болады. Бұл – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның жастар саясатын жүргізудегі негізгі міндеттері. Бұдан бөлек, семейлік жастардың өз бастамасымен ұйымдастырылатын спорттық, қайырымдылық, біліктілік сынау шаралары т.б. жоспарлы жұмыстар бар, – дейді  «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің Семей жүк тасымалдау бөлімшесі бойынша аймақтық өкілі  Ләззат Айтмұханова. 

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей