Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Үш үздік машинист марапатталды
2 мин чтения
«Машинист жылы» қорытындылануға таяу. Жыл бойы өтіп жатқан алуан түрлі шаралар қатары мәртебелі мамандық иелеріне арнайы шығарылған құрметті атақпен толықты. Жер-жерде сала саңлақтары «Құрметті локомотив машинисі» деген атқа ие болып, мерейлері тасуда.
Өткен апта соңында Ақтөбе локомотив пайдалану депосының үш үздік майталманы «Құрметті локомотив машинисі» төсбелгісін тақты. Олар – «Ақтөбе жүк бөлімшесі» Шұбарқұдық айналым депосының тепловоз машинисі Самат Қамысбаев, Ақтөбе локомотив пайдалану депосының тепловоз машинистері Сергей Семкин мен Жақсылық Тіленовтер еді. Өз саласы бойынша құрметті атаққа ие болған олар арнайы төсбелгі және куәлікпен қатар бір реттік ақшалай сыйақыға ие болды.
Салтанатты шарада сөз алған депо директоры Талғат Медеубаев локомотив шаруашылығындағы оң өзгерістерді тізбелеп, машинист жұмысының қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Қозғалыс қауіпсіздігі локомотив жұмысына тікелей қатысы бар болғандықтан машинист жауапкершілігі басқа әріптестеріне қарағанда екі есе жоғары екенін ескерген депо бастығы әріптестеріне алдағы уақытта да сәттілік тіледі.
Өз кезегінде, «Локомотив» АҚ Батыс аймақтық өкілі Айтбай Натиев машинистер мен олардың көмекшілеріне бұл шараның ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылғанын жеткізді. «Құрметті локомотив машинисі» атағы алғаш енгізіліп отырғанын айтқан ол машинистер үшін алдағы уақытта әлеуметтік бағытта да әлі көптеген іс тындырылатынын хабарлады.
Құрметті атаққа ие болған машинистер мекеме басшылығы мен әріптестеріне алғыстарын білдіріп, машинист атына әруақытта адал болып, абыройына нұқсан келтірмейтініне сендірді.
Айта кетейік, мұндай басқосулар осыған дейін Қандыағаш пен Жем пайдалану деполарында да өткен болатын.