Алмаханов Тоқтар Әділханұлы

Алмаханов Тоқтар Әділханұлы

ТД-23 Қазалы айналым депосында тепловоз машинист

1994 жылы Қазалы ауданында 29-шы мамырда темір жолда 300 жылдық еңбек өтілі бар отбасында дүниеге келді. Әкесі Алмаханов Әділхан тепловоз машинисті, анасы Жанәділова Гүлжан.

Қалай ойлайсыз, сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға не ықпал етті? Тек білім алғандар ғана сауатты маман деп санала ма?

Менің тұлға ретінде қалыптасуыма тәрбие мен алған білімім, жасаған қателіктерімнен алған сабақтарым септігін тигізді. Әрине қәзіргі заманда білімі мықты адам ғана сауатты маман бола алады, себебі «оқусыз білім жоқ- білімсіз күнің жоқ» деп бекер айтылмаған, қазіргі заман білімнің, ғылымның заманы сол себепті кез-келген адам білімді болуы тиіс. Әркім өз жұмысын біліп егжей-тегжейлі дайындалып жасаса қателік жасай қоймайды, сол үшін де Жаңа Қазақстанға жаңа білімді ұрпақпен білімді мамандар қажет.

Өзіңіз туралы, өміріңіздегі маңызды (өзгеріс әкелген) оқиғалар туралы айтып берсеңіз.

Өзгеріс әкелген оқиғалар ішінен әдепкі жұмысқа машинист көмекшісі болып келген кезімен бастап бір мақсат болды, машинист болсам деген. Содан уақыт өте келе машинист лауазымына ауысып, мақсатыма жеткеннен кейін енді не істеймін ары қарай мақсатыма жетіп қойдым деп бір аптадай ойға батып кеткен кезім болды. Сол кезде ұзақ ойлана келе түсінгенім, мен өз-өзіме осы мақсатыма жетсем болды деп шектеу қойып тастаған екенмін, кәдімгідей өмірдің мәнін жоғалтып алғандай болдым, осы ұзақ ойдың арқасында үздіксіз даму адам бір орында тоқтамау керек деген ұстанымды миыма толықтай бекіттім.

Кәсіби мансапты бастағанда ата-ананың қолдауы маңызды ма?

Әрине ата-ананың қолдауы маңызды, біздің бар жетістігіміз осы ата-анамыздың арқасы деп білемін.

Өміріңізде немесе әріптестеріңіздің арасында үлгі тұтқан адам болды ма? Неліктен ол адам?

Әрине, бұрынғы нұсқаушы-машинист Сарқұлов Серік әлі де нұсқаушы болып жұмыс істейді, халықты басқару негізі қиын дүние ғой «ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі» деген. Қазірге дейін арбаны да сындырмай өгізді де өлтірмей жұмысын абыроймен атқарып жүрген бұрынғы нұсқаушымды үлгі тұтамын.

Көп әрі өнімді еңбек еткен адам қалай демалады? Қандай хоббиіңіз бар немен әуестенесіз?

Жұмыстан бос уақытта психологиялық және Қазақстан тарихы жайлы кітаптар оқимын, футбол ойнаймын.

Отбасыңыз сіздің жұмысыңызға қалай қарайды?

Отбасымда әкем машинист болып істеген соң түсіністікпен қарайды.

Қандай жеке қасиеттеріңіз жұмыста табысқа жетуге көмектеседі (мансаптық өсуге ықпал етеді)?

Ұйымдастырушылық қабілетім, жетістікке жетуге нұсқаулықтарды егжей-тегжейлі оқып көпшілікке тереңінен түсіндіре алатын қабілетім көмектеседі деп ойлаймын.

Жақын болашақта қандай жоспарыңыз бар? Қандай құзіреттер мен шыңдарды бағындырғыңыз келеді?

Ахмет Байтұрсынов атамыздың сөзі бар ғой «Қазақтар білімді, бай һәм күшті болуы керек» деген, бұйырса кәсіптік салада бірнеше жобаларым бар, сол жобаларды толықтай аяққа тұрғызып зекет бере алатын мұсылмандардың қатарынан болғым келед. Тағы бір жоспарым Қазақ ұлтына қызмет еткім келеді, қазақтың тілін, дінін, қазақ жерінің дамуына кішкене болсада үлес қосқым келеді.

Университеттен кейін жұмысқа тұруға келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

Жас мамандарға берер кеңесім, Әлихан Бөкейхан атамыздың сөзі барғой «Әр адам өз ісінің шебері болуы тиіс» деген, сол кезде ғана біз мемлекет дамуына үлес қосамыз. Сөз соңында Әлихан Бөкейхановтың мына сөзімен аяқтағым келеді: Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпеген де болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар...