Тиштықбаева Камшат Темірбекқызы
Тиштықбаева Камшат Темірбекқызы
Вокзал кешені кезекшісі
1995 жылы Арал қаласында дүниеге келген, балалық шағы Байқоңыр қаласында өтті. Мектепті қызылға бітіріп, "Теміржол" атты сапарын КазАТК жоғарғы оқу орнына түсуден бастайды. Академияда белсенді жастар қатарында болып, білім және ғылым секциясын басқарады. Оқудан соң Астана қаласындағы Нұрлы Жол вокзал кешеніне жұмысқа тұрып, сонда 5 жыл жұмыс істейді. Жұмыс барысында өзін әр түрлі салада сынап көріп, темір жол саласының қыр-сырымен танысып, белсенді жастар қатарына қосылды. 100 жаңа есім қатарына кіріп, өзін жан-жақты дамытуына жаңа есіктер ашылады. Содан соң компанияның ішкі тренерлерінің бірі атанып, тренинг өткізуге мүмкіндік алды. Сонымен қоса "Корпоративті блогерлер" қатарына қосылды. Жұмыстан бөлек "Dancefit" және "Йогалатес" бағдарламаларының тренері болды. Және өзін сот ісінде "Аудармашы" ретінде байқап көрген сәті де болды. Қазіргі таңда Германияда жұмыс атқаруда, осыдан 4 ай бұрын Нидерландыда жұмыс атқарды.
Қалай ойлайсыз, сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға не ықпал етті? Тек білім алғандар ғана сауатты маман деп санала ма?
Тұлға ретінде қалыптасуыма біріншіден ата-анам берген тәрбие, содан соң қоршаған орта әсер етті. Мектептен соң Алматыға барғанымда, Қазақстанның жан-жағынан жиналған студенттерден үйренгенім көп болды. Сонан соң Астананың суық, жұмыскер адамдарымен қарым-қатынас, одан кейін шетелде әр түрлі ұлтты танып-білу, жаңа нәрселер үйрену, өзіңді ұстау және ойлау қабілетіңнің өзгеруі - менің тұлға болып қалыптасуыма ықпал етті.
Сауатты маман болу үшін білім мен тәжірибе қажет. Себебі білімсіз тәжірибенің, тәжірибесіз білімнің берері көп емес. Бұл екеуі бешбармақтың етімен қамырындай, бір-бірін толықтырып тұратын басты ингредиенттер.
Өзіңіз туралы, өміріңіздегі маңызды (өзгеріс әкелген) оқиғалар туралы айтып берсеңіз.
Өмірімдегі ең үлкен өзгеріс 2022 жылдың қантар айында - "өз өміріме жауапкершілік аламын" деген сәтте болды. Ең қиын сәт деп айтсам да болады. Себебі осы кезге дейін өмірімде болған жағдайлар мені қоршаған адамдарға тәуелді деп ойласам, енді жауапкершілікті толықтай өз мойныма алуға тура келді. Егерде өмірімде бірнәрсе ұнамаса, яғни бұл менің бұрыңғы іс-әрекетімнің жемісі және бұған менен басқа ешкім кінәлі емес дегенді мойындау керек болды. Мысалы, осы уақытқа дейін мен ата-анамды кінәләп келдім, себебі олар менің әртіс болуыма қарсы болды. Ал шындығында менің әртіс болуға батылдығым жетпеді. Бар шындық осы, сондықтан өмірімді түбегейлі өзгертуге бел будым, сөйтіп Еуропадан бірақ шықтым. Әрине, комфорттық ортадан шығу, барлығын тастап, жаңа өмір бастау өте қиын болды, бірақ әр сәтті сезіну, шынайы өмір сүру, жаңа ұлт пен салтты зерттеу, сол арқылы өзіңді тану, іздеу бел бууға тұрарлық болды.
Кәсіби мансапты бастағанда ата-ананың қолдауы маңызды ма?
Ата-ананың қолдауы кез-келген сәтте маңызды. Бірақ бұл қолдауға тәуелді болудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі біздің менталитетте ата-ана балаларын 40-қа келседе бақылауда ұстағысы келеді, егер олардың қалаған бейнесіне сәйкес келмесең, қолдау әрине болмайды. Бірақ бұл баланы сындырмау қажет. Бастысы, өзіңе ұнаған бағытты таңдап, жетістікке жетіп, өзіңді дәлелдеген жағдайда ғана жаңа қолдаулар келеді.
Өміріңізде немесе әріптестеріңіздің арасында үлгі тұтқан адам болды ма? Неліктен ол адам?
Шынымды айтсам өмірімде үлгі тұтамын дейтін адам болмапты, бірақ өмірімнің әр сәтінде белгілі бір іс-әрекетке мотивация берген әріптестерім болды және бар.
Көп әрі өнімді еңбек еткен адам қалай демалады? Қандай хоббиіңіз бар немен әуестенесіз?
Осы әлемде қанша адам болса, сонша демалу үлгісі бар деп ойлаймын. Ең бастысы керек кезінде тоқтап, тыныштықта өзіңмен-өзің оңаша қалып, өзге адамдардың ойы емес, өзіңнің жан-тәнің не қажет ететін ұғыну.
Қазіргі сәттегі хоббиім адам миының құрылысын зерттеу және жаңа тілдер үйрену.
Отбасыңыз сіздің жұмысыңызға қалай қарайды?
Отбасымның жұмысыма деген көзқарасы жақсы. Олар үшін мен ҚТЖ-ның президентімін.
Қандай жеке қасиеттеріңіз жұмыста табысқа жетуге көмектеседі (мансаптық өсуге ықпал етеді)?
Әрқашан жаңа көзқарас, қызығушылық, бейімділік, адамдармен араласу, табандылық және мақсат қойып, соған жетуге деген азарттылық, кішіпейілділік, сенімділік.
Жақын болашақта қандай жоспарыңыз бар? Қандай құзіреттер мен шыңдарды бағындырғыңыз келеді?
Қазіргі жоспарым өзімді табу. Ішкі сезімдеріммен жұмыс жасап, шынымен өмірден не қалайтынымды анықтау. Мен үшін мансап маңызды емес, маңыздысы – өмірден өз орнымды табу.
Университеттен кейін жұмысқа тұруға келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
Ешқашан өзіңді және өзгені алдама. Не нәрсе ұнаса, қорықпай ал, себебі мүмкін емес нәрсе жоқ. Сенің қолыңнан бәрі келеді, саған ақшалай немесе аға, көкенің қолдауы керек емес. Өзіңе сен!