Жанақашев Нұржан Сансызбайұлы
Жанақашев Нұржан Сансызбайұлы
1988 жылы 30 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында дүниеге келген.
Білімім жоғары: 2005-09 БҚМУ Орал қаласы, 2013-15 КазАТК Алматы қаласы.
ҚТЖ Аймақтық координаторы Бурлин ауданы бойынша
«Үздік маман»-2021.
«100 жас есім жолаушылар тасымалы»-2021
«100 жас есім ҚТЖ»-2022
Өмірде мамандық таңдауда адам баласы қателеспеуі керек екендігі жайында бәріміз де білеміз. Өйткені, мамандық – әр адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы.
«Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз», - деп ғұлама ғалым әл-Фараби айтпақшы, таңдаған мамандығымыз бізге мәңгілік серік болып, жағдайымызды жақсартып, өміріміздің қайталанбас бөлшегіне айналары сөзсіз.
Ал мен ше? Мен өмірде жүрегімнің сүйіп қалайтын ісін таңдай алдым ба? Өйткені, мамандықты жүрегімен шын қалаған жан өз таңдаған жолының ауырлығына да қарамастан, қызметін бар ықылас-ниетімен атқарады. Ғалым Эвальф Фридрихович Зеердің «Мамандықты дұрыс таңдау – ол өмір жолының сәттілігінің негізі» дегені осыған саяды. Осы тұрғыда, мен өзімнің өмірлік ісім теміржолшы мамандығын шын жүрегіммен қалап таңдағаныма қуанамын.
Сондықтан да мен өз ісімнің нағыз маманы болу үшін аянбай еңбек етіп, жеке сүрлеуімді салуым керек, көптің бірі болу – өзін құрметтейтін шынайы жанның таңдауы бола алмайды.
Бұл ұстаным мені үнемі алға жетелеп келеді.
Амалдың жоғынан емес, адал көңілмен теміржолшы боламын деп шешкендіктен, бұл жолдың қиыны мен қызығын зерттеп, осы саланың инновациялық дамуына үлес қосуға еңбектеніп келемін. Сонымен қатар, әріптестерімнің жаңашыл тәжірибесімен бөлісіп, өзіме үлгі тұтатын жандардың еңбек жолына зер салып, түсінбегенімді олардың көмегімен ұғуға тырысып келемін. «Сұраған ұят емес, білмеген ұят» дейтін халық даналығы бар емес пе? Бұл тұста жаңашылдыққа құштар, үнемі білуге тырысып, орынды сауал қойып, өз позициямды дәлелдеп алып шығатын қасиетімнің көмегі зор болатынын да жасырмаймын. Облыстық, республикалық жастар форумдары мен тренингтерде топ жарып, инновациялық технологияларды терең меңгеріп, үздік болуым осы қасиеттерімнің жемісі деп сеніммен айта аламын. Әйтпесе, жалғыз жүріп, шаңымның да, үнімнің де шықпасы белгілі ғой.
Иә, расымен де, өзіңді өзгелерге мойындатуың үшін, алдымен сен де басқаларды мойындай алуың, сол әріптестеріңнің жетістіктері мен тәжірибесінен өзіңе керегіңді ала білуің керек екен!
Үнемі жұмысқа шығарда бір Аллаға сиынып шығамын. Өйткені, мамандығым жауапкершілікті қажет етеді. Қаншама адамның өмірі сенің қолыңда тұрғандай болады. Сондықтан үнемі сақтықпен қызмет етемін. Бір сәтке де қателесуге болмайды. Халық – аманат. Сондықтан да мен қызметке барған әр күнімді қуанышқа толтырғым келеді. Жүйіткіген пойызды басқарып, қаншама халықты барар жеріне аман-сау жеткізіп, пойыздың әр теміріне мұқият болу – теміржолшылардың міндеті. Бұл салада аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Берік сенім мен тынбас еңбектің, табандылықтың нәтижесінде осындай құрметті де, сыйлы теміржолшы атанып келемін. Менің басты арманым орындалды, себебі, қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Ал, алғыс арқалаған жанның жолы үнемі оңынан туады.
Темірдей қатал тәртіп пен батыл да нақты істен, жауапкершіліктен тұратын бұл саланың қызметі болғанымды мақтан тұтамын, себебі, күні-түні жүйткіген пойыздарға демеу берген «темір жолдардың» соқпағында менің де елеусіз іздерім қалып жатыр...