Оңтайлы кадр саясаты – табыстылық пен тұрақтылық кепілі

Сұхбат
08.11.2024, 09:15
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«ҚТЖ» ҰК» АҚ – жүз мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ірі жұмыс беруші компания. Осындай үлкен компанияда персоналды тиімді басқару қалай ұйымдастырылуда, оңтайлы кадр саясатын жүргізу және іске асыру, т.б. сауалдармен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Әлихан Қыраубаевты әңгімеге тарттық.

– Әлихан мырза, оңтайлы кадр саясатын жүргізу компанияның басым бағыттарының бірі болса керек. Десек те, саладағы технологиялық жарақтандыруға байланысты персонал санын оңтайландыру процесі жүріп жатқаны байқалады. Жалпы, бүгінде сала кадрлармен қаншалықты қамтамасыз етілген? Алдағы уақытта «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жұмысшылар саны күрт төмендеуі мүмкін бе?

– «Іс тетігін кадр шешеді» деген қағида ешқашан ескірмек емес, темір жолда еңбек етіп жатқан әр маманның өз орны мен міндеті бар. Сондықтан қызметкерлер – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның басты құндылығы және негізгі ресурсы. Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның кадрлық әлеуетін дамыту стратегиясы – ұлттық компания қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін сенімді тетіктерді құруға бағытталған. Бұл – холдингті трансформациялау бойынша ауқымды жоспарларды жүзеге асырып, мегажобаларды енгізіп жатқан қазіргі кезде өзекті. Әсіресе қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, жаңа технологияларды әзірлеу, енгізу, сондай-ақ елдің транзиттік әлеуетін дамыту және халықаралық көлік қызметтері нарығына қатысу жағдайында саланы қажетті білімі, дағдылары мен құзыреттері және оларды дамыту әлеуеті бар жоғары білікті қызметкерлермен қамтамасыз ете отырып, кепілдендірілген сандық және сапалық қамтамасыз ету шарттарын жетілдіру қажет. Өйткені компанияның нәтижелері мен құны қызметкерлердің кәсібилігі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейіне тікелей байланысты. Біз компания ретінде әрқашан экономикалық тиімділікті, яғни рентабельділікті арттыруға ұмтыламыз. Әрине, динамикалық рентабельділік үшін белгілі бір шараларды орындау қажет. Осыған байланысты оңтайландыру процесі тұтастай алғанда жұмыс беруші ретінде еңбек қызметін қамтамасыз етуге, қызметкерлердің нақты біліктілігін арттыруға, ұйымдық құрылымды жақсартуға, шығындарымызды азайтуға ықпал ететін ең жақсы шешімді іздеу болып табылады. Оңтайландыру кадрларды басқару жүйелерін едәуір жеңілдетуге және қызметтің көптеген басқару аспектілерін шешуге мүмкіндік береді. Компанияда персоналдарды түбегейлі оңтайландыру қарастырылмаған, бірақ оңтайландыру процесінің өзі жоғары рентабельділік көрсеткішіне жету жолының ажырамас бөлігі екенін ескергеніміз абзал.  

– Темір жол – персоналдар үшін тартымды сала екені белгілі. Өткен жылғы тартымды жұмыс берушілердің салалық рейтингінің қорытындысында ҚТЖ 3-орынға жайғасыпты. Бүгінгі таңда компанияға қандай мамандар қажет? Жалпы салада кадрлық жетіспеушілік сезіле ме?  

– Еліміздің еңбек нарығында ең сұранысқа ие жұмыстар теміржолда. Біздің персоналдың негізгі бөлігін тікелей теміржол бойында жұмыс істейтін жол монтерлері, өткел кезекшілері, машинистер, диспетчерлер, пойыз құрастырушылар, жолсеріктер және тағы басқа мамандар құрайды. Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен және ел ішінде де, халықаралық байланыстар шеңберінде де көлік дәліздерінің кеңеюімен теміржол саласының маңызы артып келеді. Осы жағдайда біз өндірістік мамандықтар бойынша кадрлар жетіспеушілігін сезініп отырмыз. Өз кезегінде компания жұмыс істеп жатқан қызметкерлерін ұстап тұру және жас мамандарды тарту үшін жалақыны көтеру, әлеуметтік кепілдіктер беру және еңбекке қолайлы жағдай жасау, жоғары және орта оқу орындарымен өзара байланыс жасау арқылы бірқатар шаралар қабылдап отыр. Шын мәнінде, көлік бағытындағы білім, саланы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаруы керек. Мұнда тек жоғары оқу орындары беретін біліммен тоқталып қалмау керек. Бүгінде жас ұрпақ жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алып, өзінің еңбек жолын таза кабинеттерде, компьютер жанында немесе жеткізу қызметінде жай ғана курьер болып бастауды көздейді. Еңбек жолын вагон қараушы, жол монтері, станция кезекшісі немесе қарапайым электрмонтер болып бастауға жоғары және орта оқу орындарын бітірген түлектердің зауқы жоқ. Оның үстіне, оқу орындарында алған білім әрдайым өндіріс процесінің шындықтарымен сәйкес келе бермейді.  

– Демек, кадрларға сұраныс бар ғой. Бұл проблеманы шешудің қандай жолдары қарастырылуда? 

– Кадр саясатын жүргізуде жаңа тәсілдерді іздеу «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерін оқыту сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуге ықпал етті, оның шеңберінде теміржол саласы үшін мамандар даярлау мәселесі ерекше орын алады. Оқу орындарымен Өзара іс-қимыл бойынша арнайы күнтізбелік жоспар бекітілді. Компания еліміздің 12 жоғары оқу орнымен және 13 колледжбен Ынтымақтастық туралы 25 келісім жасалды. Біз студенттік отрядтардың жұмысын қайта жандандырдық. «Жазғы студенттік жасақтар» жобасының болашақ теміржолшылар арасында танымалдығы артып, сұранысқа ие болды. Мәселен, Алматы көлік колледжінің 56 студенті және М.Тынышпаев атындағы Шымкент көлік колледжінің 24 студенті жазғы кезеңде «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалына пойыз жолсеріктері болып жұмысқа орналастырылса, Логистика және көлік академиясының 18 студенті Алматы магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Достық станциясында жол монтерлерінің алғашқы еңбек дағдыларын игерді.  

HR-қызметтер оқу орындары өткізетін түлектердің жәрмеңкелеріне қатысып тұрады, соның нәтижесінде Логистика және көлік академиясының 67 түлегі «ҚТЖ» ҰК» АҚ кәсіпорындарына жұмысқа тұрды. Сонымен қатар Астана, Жезқазған, Шымкент, Алматы, Семей, Түркістан, Қонаев, Қостанай, Ақтау, Көкшетау, Тараз, Қарағанды, Ақтөбе, Соль-Илецк, Павлодар қалаларында кәсіптік бағдарланған жұмысқа ерекше көңіл бөлініп, мектептердің 9-11 сынып түлектерімен кездесулер өткізілді. 2650 оқушыға теміржол саласының даму бағыттары мен перспективалары, қызметкерлерді дамытудың кешенді бағдарламасы, компанияның әлеуметтік және жастар саясаты туралы ақпарат берілді.

Білім беру сапасын арттыру үшін 10 оқу орнынан 71 оқытушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Оқу орталығында және өндірістік кәсіпорындарда біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бейінді оқу орындарының 380 студентіне кәсіпорындарға бару, таңдап алған мамандықтары туралы толығырақ білу, Астана, Алматы, Қостанай және Қарағанды құрылымдық бөлімшелерінде «Ашық есік күні» шеңберінде еңбек ұжымымен және негізгі өндірістік процестермен танысу мүмкіндігі берілді.  

Сондай-ақ ұлттық компанияның кәсіпорындарында өндірістік практика кезеңінде алғашқы өндірістік дағдыларды алу және таңдалған мамандықтың негіздерін игеру мүмкіндігі бар. Биыл бұл мүмкіндікті 13 оқу орнынан 1542 студент пайдаланды. Тағы бір атап өтерлігі, жыл сайын «ҚТЖ» ҰК» АҚ конкурстық іріктеу өткізіп, студенттерге Басқарма төрағасының атаулы стипендиясын және «Магистраль» бағдарламасы бойынша білім беру грантын ұсынып келеді. Бұл мүмкіндік 65 студентке бұйырды, осы оқу жылына 7 студентке Атаулы стипендия, 58 «Магистраль» білім беру гранты берілді.  

– Жоғарыда ҚТЖ персоналды ұстап тұруға және білімді мамандарды тартуға ерекше мән беріп отырғанын айттыңыз. Осы арада кадрлық және әлеуметтік бағыттағы маңызды жобаларға, олардың нәтижелеріне тоқталсаңыз.  

– Шын мәнінде «Қазақстан темір жолы» соңғы жылдары кадрлық және әлеуметтік саясатты жақсарту бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Өткен жылы біз 2023-2028 жылдарға арналған жаңа кадр саясатын бекіттік. Оны іске асыру шеңберінде 2023 жылы еңбекақы төлеу жүйесін, қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды, корпоративтік оқыту жүйесін, корпоративтік мәдениет пен ESG-практикаларды, өндірістік қатынастарды, HR-функцияларды, HR-процестерді автоматтандыру мен цифрландыруды дамыту бойынша жұмыс жүргізілді. Соңғы үш жылда жалақыны көтеруден басқа, біздің назарымыз қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға бағытталды. Осылайша, Ұжымдық шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты 2023 жылғы желтоқсанда 2024-2026 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылып, бекітілді. Онда көп ізгіліктер бар. Мәселен, жаңа құжатта қолданыстағы әлеуметтік жеңілдіктер мөлшерін 20 млрд теңгеден 25 млрд теңгеге дейін ұлғайту, ал атаулы күндерге материалдық көмекті 20-дан 50%-ға дейін төлеу қарастырылған. Мысалы, шағын станцияларда жұмыс істеуге барған жас мамандарға берілетін материалдық көмек 25-тен 40 АЕК-ке дейін, бала тууға байланысты 30-дан 40 АЕК-ке дейін, некені тіркеу – 15-тен 30-АЕК-ке дейін, т.т. ұлғайтылған.  

Бұдан басқа, машинист-нұсқаушыларды, қозғалыс қауіпсіздігі ревизорларын, жол және вагон шаруашылықтарын дамытудың корпоративтік бағдарламалары, еңбек қауіпсіздігі мәдениеті курсы және т. б. ұйымдастырылды. «Білім Экспресі» жобасы аясында ішкі жаттықтырушылар күшімен барлық өңірлерде желілік деңгейдегі қызметкерлерге көшпелі оқу ұйымдастырылды. Сондай-ақ Республика күні қарсаңында әр қызметкер мен ұжымның бағалауға арналған жаңартылған марапаттау жүйесі ұсынылды. Біздің марапаттар жүйесі жаңа белгілер және медальдармен толықтырылды. Алғаш рет өзінің мәртебесі бойынша «Құрметті теміржолшы» белгісімен бір деңгейдегі корпоративтік марапат «Теміржол Даңқы» енгізілді. Біз әр мамандықтың маңыздылығын ескеретін жүйе құруға тырыстық. Сондықтан барлық шаруашылықтар мен бөлімшелерде өздерінің бірегей марапаттары енгізілді. Жаңа марапаттау жүйесі бірнеше негізгі мақсаттарды көздейді. Біріншіден, біз әр жұмысшының өз еңбегінің бағаланатынын білгенін қалаймыз. Екіншіден, біз жоғары нәтижелерге және кәсіби өсуге ұмтылуды ынталандырғымыз келеді. Үшіншіден, біз корпоративтік мәдениетімізді нығайтып, бірлік пен ортақ іске қатыстылық сезімін қалыптастырғымыз келеді.  

Жүйенің тиімді және әділ жұмыс істеуі үшін әр қызметкерге жеткізілетін ашық іріктеу критерийлері әзірленді. Жалпы, жаңа марапаттау жүйесін енгізу – бұл біздің компанияны дамытудағы маңызды қадам. Біз үздік қызметкерлер мен кәсіпорындар еңбегінің ерекше аталып өтіп, жетістігінің лайықты марапатқа ие болғанын қалаймыз.  

– Әңгімеңізге рахмет!  

 

Қауіпсіздік
03.12.2024
Қызылордада шұғыл тежеу екі есе өсті
Аймақтар
03.12.2024
Тараз торабындағы келелі кеңес
Аймақтар
03.12.2024
Атырау теміржолында «Қыс-2024» оқу-жаттығуы өтті
Спорт
03.12.2024
Ақтөбеде теміржолшылар арасында спорттық сайыстар өтті
Аймақтар
03.12.2024
Семейлік теміржолшыларға жаңа автокөліктер пайдалануға берілді
Аймақтар
03.12.2024
«Кіші Түрксіб» іске қосылды
Жаңалықтар / Мұрағат
03.12.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №102 03 желтоқсан 2024 жыл
Жүк тасымалы
02.12.2024
Қараша айында ҚТЖ желісі бойынша 1,4 млн тоннадан астам биылғы астық тиелді
Сұхбат
02.12.2024
Сәкен Рахметов: «Ілкімді істер де көп, жетістіктер де жеткілікті»
Аймақтар
02.12.2024
Үздіктер анықталды
Жаңалықтар
02.12.2024
Тепловоздардың отын шығынын азайту режимі әзірленуде
ҚТЖ келбеті
02.12.2024
Мықты маман қашанда алғысқа лайық!
Жаңалықтар
02.12.2024
Желтоқсан айындағы мереке күндері қосымша пойыздар қатынайды
Жаңалықтар
29.11.2024
Олжас Бектенов локомотив құрастыру зауытына барды
Инфрақұрылым
29.11.2024
Мойынты паркін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде
Жаңалықтар
29.11.2024
ҚТЖ-да жолдың материалдарын ұрлау жиілеп кетті
Әлеумет
29.11.2024
«Саламатты Қазақстан» пойызы Жамбыл облысында
Әлеумет
29.11.2024
Өз тіліңді құрметте...
Жүк тасымалы
29.11.2024
ҚТЖ: транзиттік әлеуетті дамытуға мүдделі
ҚТЖ келбеті
29.11.2024
Білікті маманның жетістігі мол