Сәкен Рахметов: «Ілкімді істер де көп, жетістіктер де жеткілікті»
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни тасымалдау процесінің операцияларын орындау кезінде қауіпті жағдайларға жол бермеу – Магистральдық желі дирекциясының басымдыққа ие бағыттарының бірі. Сондықтан дирекция ұжымы бұл көрсеткішті жылдан-жылға жақсартуға мүдделілік танытуда. Бүгін біз Дирекция директоры Сәкен Рахметовті сөзге тарта отырып, аталған филиал бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, алға қойып отырған мақсаттар төңірегінде әңгімелестік.
– Сәкен Маратұлы, 2024 жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Дирекция жылды қандай көрсеткіштермен қорытындыламақ?
– Жалпы Дирекция бойынша өткен жылмен салыстырғанда жол шаруашылығының жағдайы жақсарып, ауытқулар мен жолдың жабылулар саны азайғанын айтар едім. Әсіресе Қарағанды, Алматы, Шымкент, Қызылорда магистральдық желі бөлімшелеріндегі жолдардың жай-күйін жақсарту бойынша оң үрдіс байқалып отыр, оларда қанағаттанғысыз шақырымдар, 3,4 дәрежелі ауытқулықтардың жалпы саны азайды. Жолдың ағымдық күтіміне қосымша 339 жол монтері бөлініп, «жол шеберлері-жол бригадирлерінің» штаты 611 бірлікке ұлғайтылды және Қарағанды магистральдық желі бөлімшесінің сындарлы учаскелерінде жұмыс істейтін апаттық-қалпына келтіру бригадасы құрылды. Мердігерлік ұйым Жилаево-Пойма учаскесіндегі 1304 шақырымда металл көпіріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қапшағай мамандандырылған көпір жасағы жоспарланған 86 жасанды құрылыстың 79 объектісіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жоспардан тыс 14 жасанды имараттар (ИССО) жөнделді. СОБ электрмен жабдықтау құрылғыларының сенімділігін арттыру үшін қуат панелінің 15 жиынтығы, 100 бағыттаушы электр жетегі, сондай-ақ 202 км кабельдік шаруашылық жөнделіп, ауыстырылды. Шаруашылық тәсілмен Д.Нұрпейісова, Доссор, Қосшекі, Арыс-2 станцияларында дауыстап хабарлау паркі байланысының құрылысы орындалды. 9873 км көлемінде байланыс желісіне ағымдық жөндеу жүргізілді.
Өткізу қабілетін арттыру бағдарламасы шеңберінде ауқымды шаруалар атқарылды. Мәселен, Сарыағаш станциясында ИДК-ны айналып өту жолы салынып, Арыс станциясында 12 жол қалпына келтірілді, ал Екібастұз станциясында тартпа жолы ұзартылып, Жирен-Айғыр, Көктөбе, Ала-Айғыр станцияларында съездер, Арқалық станциясында кірме жол салынды. Алтынкөл, Ақсу, Қызылжар, Илецк, Бірлік станцияларында жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, жұмыстар 12 станцияны қамтыды, оның барысында 35 мың текше метр жер төсемі және 21 км жол төселіп, 51 бағыттамалы бұрма, 6 бірлік баяулатқыш орнатылды, Сарыағаш, Арыс, Арқалық, Алтынкөл, Екібастұз, Ақсу, Қызылжар, Жирен-Айғыр, Көктөбе, Ала-Айғыр, Бірлік, Илецк-1 станциялары бойынша 66 км кабельдік өнім монтаждалды. Бұдан басқа 13 жекелеген пунктте 19 жолдың қозғалысы ашылып, қалпына келтірілді.
– Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. ЦЖС шаруашылықтары мен кадрлары қатал маусымға қандай дайындықпен келді?
Магистральдық желі дирекциясының филиалдары шаруашылықтар мен кадрларды қысқы жұмысқа даярлау жөніндегі бекітілген жоспарға сәйкес ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Тұрмыстық және коммуналдық қатты отын кестеге сай тұтынушыларға еш кедергісіз жеткізілуде. Екі мыңнан астам ғимарат, 18,2 км жылу трассасы, 161 қазандық, 275 бірлік қар тазалау және қар жинау техникасы дайындықтан өтіп, алғашқы қыстаушылар мен жұмысшылар қысқы арнайы киіммен қамтамасыз етілді. Темір жол мен құрылыстардың қардан қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында 12 мыңға жуық қар қалқандары орнатылып, 4000 дана көлемінде ағаш тіректер жеткізілді. Сонымен қатар жұмысшылар қажетті инвентарьлармен, жеке қорғану құралдарымен, т.б. қажетті дүниелермен қамтамасыз етілді.
– Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ЦЖС тарапынан қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Магистральдық желі дирекциясында 2024 жыл – «Еңбекті қорғау және технологиялық процесті сақтау жылы» деп жарияланғаны белгілі. Оның негізінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту шаралары қарастырылған. Осы бағытта биыл 1241 шақырым көлемінде жол сауықтырылды, оның ішінде 567 км жол күрделі жөндеуден, 98 км күшейтілген орта жөндеуден өтсе, 103 км жолда рельс тіректері, 73 км рельс табаны тұтастай алмастырылып, 83 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Сондай-ақ 266 км жолдың балластына терең тазалау жүргізілді. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Қазалы электрмен жабдықтау дистанциялары және жел учаскелеріндегі байланыс желісі құрылғылары бойынша тұзды шөгінділерге ұшыраған учаскелерде электрмен жабдықтау объектілерінің сенімділігін күшейту іс-шаралары орындалды. Магистральдық теміржол желісін ақаусыз арнайы жылжымалы құраммен қамтамасыз ету және жіберу үшін бүгінде 157 бірлік жылжымалы құрамға жөндеу жүргізілді. Өткен кезеңде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бақылауды күшейту үшін магистральдық желінің 830 қызметкерінің біліктілігі арттырылды. Сонымен қатар Достық станциясы бойынша МРЦ-13 типіндегі электрлік орталықтандыру МПЦ-Qz құрылғысына, ал Көкшетау – Астана учаскесіндегі Оңтүстік диспетчерлік орталықтандыру «АСДЦ» МП жүйесіне ауыстырылып, жаңғыртылды. Бұдан бөлек жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп теміржол өткелдеріндегі жол қозғалысы ережесін бұзудың алдын алу, теміржол көлігіндегі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, болат жол маңында мал жаю ережелерін сақтау бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Дирекция 2024 жылды – «Еңбекті қорғау және технологиялық процесті сақтау жылы» деп жариялағанын білеміз. Осы атаулы жыл ішінде нақты қандай іс-шаралар іске асты?
– Еңбекті қорғау және технологиялық процесті сақтау жылы шеңберінде Магистральдық желі дирекциясы бойынша өндірістік қауіпсіздікті, еңбек жағдайларын басқару жүйесін жақсартуға, персоналды оқытуға және қызметкерлерді ынталандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар орындалды. Атап айтсақ, Қарағанды НЖС-4 базасында мердігерлік ұйым – «Стандарттау және сертификаттау ғылыми-техникалық орталығы" ЖШС-мен желілік кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен экологияның жай-күйін жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлей отырып, өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесіне аудит жүргізді. Сондай-ақ қауіпсіз еңбек әдістері, тәжірибе алмасу және еңбек қауіпсіздігі және экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша мектеп-семинарлар Екібастұз жол дистанциясы, Жамбыл материалдық базасы, Көкшетау, Жамбыл, Атырау электрмен жабдықтау дистанциялары және ЦЖСВП бойынша Балқаш қалпына келтіру пойызы базасында өткізілді. Желілік кәсіпорындар арасында өндірістік процесті орындау кезінде қауіпсіз еңбек әдістеріне арналған үздік бейнероликтерге конкурстар жарияланып, сондай-ақ теміржолшылардың балалары арасында «Өзіңді сақта» тақырыбында балалар суреттерінің байқауы өткізілді. Байқау жеңімпаздары компания логотипі бар имидждік өнімдермен марапатталды. Биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айлары кезеңінде «Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ 100 қызметкерді дәрігерге дейінгі Алғашқы көмек көрсету әдістері бойынша оқытты, ал ашық есік күндері отбасы мүшелерін оқыту шаралары өткізілді. Себебі, өзіңіз білетіндей, компания тек қызметкерлеріне ғана емес, біздің қызметкерлердің отбасы мүшелеріне де қамқорлық жасайды.
Еңбек жағдайларын жақсарту және жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 304 бірлік көлемінде маңдайша шамдары, станцияларда жылжымалы құрам жақындаған кезде жол монтерлерін хабардар ету үшін 445 бірлік дауысзорайтқыш сатып алынып және де жекелеген пункттерде дауысзорайтқыш құлақтандырудың 6 парктік байланысы алынып орнатылды. Жол шаруашылығында диспетчерлік бақылауды қамтамасыз ету үшін жолдың барлық дистанцияларына 5-ші диспетчер енгізілді. Жұмысқа жіберу құжатын беруге жауапты тұлға, жұмыс басшысы және жол диспетчері арасындағы міндеттер айқындалды. Рұқсат-наряд ресімделетін өндіріс кезінде қауіптілігі жоғары жұмыстардың тізімі бекітілді.
– Дирекция филиалдарындағы ауыр өндірістік жұмыстарда еңбек ететін жұмысшылар еңбегін жеңілдету бағытында қандай жаңашылдықтар, сандық технологиялар мен техникалар енгізілуде?
– Цифрлық технологиялар қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге, алынған ақпараттың қолжетімділігі мен сенімділігін, ақпаратты өңдеу жылдамдығын арттыруға бағытталған, мұның бәрі дұрыс басқару шешімдерін қабылдау үшін қажет. Сондай-ақ цифрлық технологиялар жұмысшылардың жұмысын жеңілдетуі керек. Бүгінгі таңда Павлодар магистральдық желі бөлімшесінде жол, СОБ және байланыс, электрмен жабдықтау және электрлендіру құрылғыларына техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде, ол жұмыстарды жоспарлау, құрылғыларды ағымдағы ұстау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша жұмыстарды орындау процестерін цифрландырады. Бүгінгі таңда жүйені МДК вагондарымен интеграциялау жүзеге асырылды. Осының арқасында вагондардың жүру нәтижелері автоматты түрде жүйеге беріледі. Бұл тиісті қызметкерлерге жедел әрекет етуге және анықталған ауытқуларды жоюға мүмкіндік береді. Жүйе рельс жолының геометриясы және бейнебақылау арқылы анықталған күрделі ақаулар бойынша сыни ақауларды жою кестесін автоматты түрде қалыптастырады, сондай-ақ 3 және 4 дәрежелі ақаулардың қайталануын автоматты түрде анықтап, оларды жол дистанциялары басшыларының электрондық поштасына жібереді, бұрын жою кестесін жасау және қайталанушылықты анықтау қолмен, жұмысшылардың өздерімен жүргізілетін, ал жүйе арқасында көп мәселе оңтайлы шешілді.
Бұдан басқа, жүйеде жұмыстарда пайдаланылған материал автоматты түрде «күн сайын» режимінде есептен шығарылады, күнтізбелік айдың соңында жүйе барлық пайдаланылған материалды енгізе отырып, автоматты түрде материалдық есеп қалыптастырады, бұл материалдық жауапты тұлғаның оны қолмен толтыру қажеттілігін болдырмайды. Материалды пайдалануды бақылайтын ПЧ, ШЧ, ЭЧ дистанцияларының техникалық бөлімінің қызметкерлеріне талдау жүргізу үшін және материалдарды қайта есептен шығаруды болдырмау үшін пайдаланылған материалдар бойынша тарихи деректер оңай қолжетімді болып отыр. Жүйедегі барлық ақпарат басқарудың барлық деңгейлерінде нақты уақыт режимінде қолжетімді. 2024 жылы барлық ҚТЖ бойынша жүйені тираждау басталды, цехтардың басшыларын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету және оларды ҚТЖ-ның жергілікті желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
– ЦЖС филиалдарында еңбеккерлерді ынталандыру бағытында қандай бағдарламалар жүзеге асырылуда?
– Биылғы жыл біз үшін айрықша жыл болды, өйткені Компания Қазақ темір жолының құрылғанына 120 жыл толуын атап өтуде. Дирекция қызметкерлерін марапаттау кезінде артықшылық, яғни 80%-ы өндірістік персонал, ал 20%-ы АУР қызметкерлеріне беріледі. Қызметкерлерді ашық және әділ марапаттау үшін Дирекцияда кадр комитеті құрылды. ҚР Көлік қызметкерлері күніне орай «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы бойынша – 1 059 қызметкер, Қазақстан Республикасы күніне – 948 қызметкер түрлі наградалармен марапатталды. 2024 жылғы 30 қазанда Дирекцияда «Үздік теміржол ұжымы» үздік еңбек ұжымдарын айқындау ережесі бекітілді. Бұйрықтың негізгі мақсаты корпоративтік рухты нығайту, еңбекке ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру, кәсіби кадрлар құрамын тарту және бекіту, қызметкерлердің үздіксіз еңбек қызметін ынталандыру болып табылады. Осы орайда Дирекция қызметкерлерінің биыл Мемлекет басшысының еңбек адамының мәртебесін және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру жөніндегі бастамасы шеңберінде құрылған жаңа наградалармен марапатталғанын атар едік. Жаңа наградалар арасында 2024 жылдың Үздік еңбек ұжымдары болып: «Үздік магистральдық желі бөлімшесі» – «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» (директоры Е.Сәулебеков), «Үздік жол дистанциясы» – Достық жол дистанциясы (Ж.Мұқанов), «Үздік электрмен жабдықтау дистанциясы» – Атбасар электрмен жабдықтау дистанциясы (М.Малдыбеков), «Үздік сигнализация және байланыс дистанциясы» – Шалқар сигнализация және байланыс дистанциясы (Н.Төпеш), «Үздік қалпына келтіру пойызы» – Үштөбе станциясының қалпына келтіру пойызы (Б.Сәрсембеков), «Үздік өрт сөндіру пойызы» – Жамбыл станциясының өрт сөндіру пойызы (М.Керімқұлов), «Үздік материалдық-техникалық жабдықтау базасы» – Семей материальдық-техникалық жабдықтау базасы (Е.Чукеев) танылып, оларға ауыспалы ту берілді. Жеңімпаз ұжымдардың барлық қызметкерлеріне жыл бойы лауазымдық жалақыға үстемақы төленетін болады. Өндірістік мамандық иелерінің жаңа марапаттары арасында «Үздік энергетик» – Құсмұрын ЭЧ дистанциясының (Қостанай НЖС) Челгаши станциясының байланыс желісі ауданының бастығы Сергей Титов; «Үздік жол шебері» – Алтынкөл жол дистанциясының (Алматы НЖС) жол шебері Мұрат Мержиков, «Үздік байланысшы» – Семей ШЧ (Семей НЖС) байланыс аға электромеханигі А.Чех, «Үздік құрылысшы» – Ақадыр машиналандырылған жол дистанциясының аға жол шебері (Қарағанды НЖС) төсбелгілермен марапатталды. Бұл ретте наградаларға 40 АЕК (147 680 теңге) мөлшерінде ақшалай төлемдер жүргізілді.
– Сәкен Маратұлы, сұхбатымызды Дирекцияның алдағы жылға қойып отырған мақсат-міндеттерімен тәмамдасақ...
– 2025 – Компания үшін маңызды жыл болмақ. Не үшін десеңіз, Қазақстан Республикасының мультимодальды әлеуетін дамытуға бағытталған «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші теміржол жолын салу, қолданыстағы «Семей-Ақтоғай» теміржол учаскесіне шыға отырып, Қазақстан – Қытай шекарасында «Бақты» үшінші шекаралық теміржол өткелін салу, Алматы теміржол торабын айналып өтетін айналма теміржол құрылысын салу, «Дарбаза – Мақтарал» теміржол желісін салу жобалары жоспарға сәйкес аяқталады деп күтілуде. Құрылыс аяқталғаннан кейін қосымша жұмыс орындары құрылмақ, бір ғана жол шаруашылығы бойынша жаңа құрылыс учаскелеріне 500-ден астам адамды қабылдау жоспарлануда. Бұдан бөлек ұзындығы 1 401 км темір жолдарды жөндеу, оның ішінде 566 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Қолданыстағы теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру жөніндегі жұмыстар шеңберінде келесі жылы Маңғыстау станциясын дамыту және №2,10,12,15 разъездерінде қосымша жолдар салу көзделіп отыр. Бейнеу – Маңғыстау учаскесінде жұмыстар басталады. Маңғыстау – Құрық учаскесінде автоблоктау құрылысы және рзд.Р – Боржақты учаскесінде разъезд құрылысы басталады. Осы арада бұл іс-шаралар Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына енгізілгенін атап өту қажет. Сонымен қатар жолаушылар, жүк және контейнерлік пойыздарының жылдамдықтарын арттыру үшін жазғы жол жұмыстарын орындау іс-шаралары жалғасатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!