Қостанай жол басқармасы теміржолшыларының әскери және еңбек даңқы мұражайы

Қостанай жол басқармасы теміржолшыларының әскери және еңбек даңқы мұражайы

Мұражай Қостанай жол бөлімшесі  кәсіподақ ұйымының басшылығы мен президиумының 1987 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен құрылды.  Негізін қалаушы және көп жылдар бойы жетекшілік еткен-вагон инженері, құрметті теміржолшы Анатолий Холявинский . Сегіз жыл бойы еңбек ардагері Василий Рекун мұражайға қоғамдық негізде жетекшілік етті, 2009 жылдан Қостанай облыстық ардагер теміржолшылар  кеңесінің төрағасы Виктор Бурцев басқарды.

2010 жылдың 30 наурызында реставрациядан өткеннен кейін мұражай теміржол вокзалының бірінші қабатында ашылды.

Қазіргі уақытта мұнда алтын қор болып саналатын 1200-ден астам жәдігер бар. Сипаттамалары бар құжаттар мен түпнұсқа заттар белгілі бір жүйе бойынша таңдалып, көрмеге қойылады.

Материалдар Қазақстандағы темір жол көлігінің қалыптасу тарихы, соғыс кезеңі, темір жол бөлімшесі мен кәсіпорындарының құрылуы мен дамуы, болат жол қызметкерлерінің әскери және бейбіт өмірдегі еңбегі туралы баяндайды.

Дизельдік локомотив, электровоз, вагондар, цистерналар, автоматика құрылғылары, коммуникациялар, электрмен жабдықтау, фонарьлар, есептеу машиналарының алғашқы түрлері, жол тізімдемесі және екі үлкен қоңырау келушілерді ерекше қызықтырмай қоймайды.

Шыны витриналарда әр кезеңдегі темір жол үлгілері, түрлі марапаттар, нысандардың фотосуреттері, еңбек адамдары туралы материалдар бар.

Бұған қоса вокзал ауласындағы саябақта тыстағы мұражай да бар. Ол жерден E-y сериялы паровозды, екі осьті ағаш вагонды, семафорды, гидроколонканы, теміржолшы ескерткішін және 1913 жылғы су мұнарасын көре аламыз.

Мұражай базасында ардагерлермен, жастармен кездесулер ұйымдастырылып, түрлі тақырыптағы  экскурсиялар жиі өткізіліп тұрады. Жылжымалы көрме де тәжірибе түрінде жүзеге асырылады. Мәселен, 2013 жылы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде теміржол мұражайының макеттері мен жәдігерлерінің көрмесі  өтті.  Ал, 2014 жылы бөлімнің барлық станцияларында бір ай бойы тренажер-вагонда орналастырылған жәдігерлер, макеттер, альбомдар, фотосуреттер, планшеттер жұртшылық назарына ұсынылды.

2015 жылы Тобыл стансасы теміржолшылары мен ауыл тұрғындарының мерекелік кешінде мұражай экспозициясы мерекенің көоігін қыздырды. Соңғы жылдары Железорудная-Қостанай учаскесін электрлендіру, Арқалық-Шұбаркөл желісін салу ісіне қатысты арнайы планшеттер шығарылды.

Музейге жыл сайын екі мыңнан астам адам келеді. Олар негізінен мектеп, лицей оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, теміржолшылар, компания басшылары, қала қонақтары т.б.