Ислам ТАЛҒАТ
Вокзалдар қызметінде – жаңа тұжырымдама
Оқуға 2 мин
Магистральдық желі дирекциясының қарамағына өткен жылдың қыркүйегінде вокзал шаруашылығы енгізілгені белгілі. Қазір аталған шаруашылық бірінші кезекте, вокзалдарда жолаушыларға көрсетілетін сервисті жетілдіруді мақсат етіп отыр.
Осы мақсатта, Магистральдық желі дирекциясы Инвестициялар және даму министрлігіне вокзалдарда жолаушыларға қызмет көрсету бойынша, соның ішінде, коммерциялық орын-жайларды орналастыру және жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, ана мен бала бөлмесінің күтімі бойынша талаптарды жақсартуға қатысты Қазақстан Республикасының ұлттық стандартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеп, жолдаған.
Бұдан бөлек, аталған дирекциямен Темір жол вокзалдарының жұмыстарын ұйымдастыру тәртібі мен тұжырымдамасы жасалып, бекітілді. Бұл құжат коммерциялық алаңдарға қатысты талаптар мен жағдайларды қайта қарауға негізделген.
Сонымен, сервистік қызмет көрсетудің жаңа тәсілдемелері бар Тұжырымдаманы енгізу Астана, Алматы-1, Алматы-2 және Қарағанды вокзалдарына 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап, Ақтөбе вокзалы мен бірінші сыныпты 11 вокзалға биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап, ал екінші және үшінші сыныпты 41 вокзалға 1 шілдеден бастап енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, вокзал шаруашылығы алдына вокзал ғимараты мен аумағында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаты тұр. Аталған бағыт бойынша, өткен жылы 56 жиынтық алдын ала тексеру жабдығы сатып алынған, оларды осы қаңтар айының соңына дейін 16 вокзалға орнату көзделіп отыр.