Теміржол саласында еңбек өнімділігі тікелей персоналдың біліктілігі мен білім деңгейіне байланысты болады. Осы орайда «Нұрлы жол» вокзал кешенінде биыл 50 адамды арнайы оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Кешеннің адами ресурстарды басқару бөлімінің бастығы Мағжан Орынбасардың айтуынша, бұл қызметкерлер өндірістік, экологиялық, электр қауіпсіздігі, еңбек қорғау және қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі бойынша білім жетілдіреді. Кәсіби деңгейін арттыратын елу қызметкердің ішінде вокзал кешенінің кезекшілері, қауіпсіздік және еңбек қорғау секторының менеджерлері мен бастығы, техникалық бөлім бастығы, өндіріс жөніндегі бастықтың орынбасары, вокзалдың бас инженері және кешен бастығының кезекші көмекшісі бар.
«Жоспарлы оқыту аясында біздің қызметкерлер жыл сайын түрлі салаларда біліктілік арттырады. Былтыр да осынша көлемде қызметкерлеріміз оқытудан өткен, дегенмен жоспардан бөлек «ҚТЖ-100 жас есім» жобасы және «Топ жарған» бағдар- ламасының арқасында да білімін жетілдірушілер анағұрлым көп болды», – дейді бөлім бастығы.