2022 жылғы 3 сәуір 12 сағат 04 минутта Шығыс Қазақстан облысының Өскемен – Қүмістау теміржол учаскесінде жүк пойызының  18 вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Rail-news.kz "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пойыз сағатына 37 км жылдамдықпен жүрген. Руда тиелген екі вагон Ресей Федерациясының меншігі. Шлак тиелген тағы 16 вагон "КазцинкТемірТранс" ЖШС-не тиесілі.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жолаушы және жүк пойыздарының кідірісі болған жоқ.

Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Болған жағдайдың себеп-салдарын тексеріп-анықтау үшін "ҚТЖ "ҰК"АҚ басшыларынан комиссия құрылды.