Ерман ӘБДИЕВ, Тараз
Болашақ – IT технологияда
Оқуға 2 мин
Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде өткен жиында бірінші болып сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Магистральдық желі дирекциясының бас инженері Қайырбай Орынбаев жылдың Бас құжаты – Елбасы жолдауына қатысты Ұлттық компания тарапынан межеленіп отырған бағдарламаларға тоқтады.
–Елбасы биылғы Жолдауында көлік саласына қатысты бес басымдықты тарқатып айтып берді. Қазақстан отыз дамыған елдің қатарына кіру жолында биік мақсаттар ұстанып отыр. Ол үшін жедел технологиялық даму қарқыны керек. Жолдаудағы негізгі мақсаттарды жүзеге асыруда ұлттық компания тарапынан кешенді шаралар қолға алынуда. Әсіресе, жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастыруда жаңа технологияларды енгізе отырып, инновациялық тәсілдер қолға алынатын болады. Ал ІТ технология, «Цифрлы Қазақстан» жүйесін дамытуда жаңа дирекция ашылып, оның басшысы да тағайындалды. Алдағы жылдары контейнерлік тасымалдардың логистикалық шешімі болады. Саланы көптеген жаңалықтар күтіп тұр. Ағымдағы жылы «Тұлпар-Тальго» жолаушылар пойызында зейнеткерлер тегін тасымалданады. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Сондай-ақ, ұжымдық келісімшартқа толықтырулар енгізілмек. Бұл сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мақсатында жасалады. 2010 жылдан бері «Денсаулық», «Жәрдем», «Саламатты Қазақстан» пойыздары еліміздің түкпір-түкпірінде тұрғындарға әлеуметтік-медициналық көмек көрсетіп келген еді. Биыл бұл пойыздардың кестесі өзгертіліп, бұрындары пойыз бармаған елді мекендер енгізілетін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар да күшейтіледі. Терроризммен күресу мақсатында вокзалдарға бақылап тексеру құрылғылары орнатылуда. Ол алдағы маусым айына дейін еліміздің барлық вокзалына орнатылатын болады. Ал жылдың соңына дейін Астана, Қостанай, Шымкент әуежайларына осындай құрылғы орнатылмақ, – деді Қайырбай Ермекұлы.
Бұдан соң орталық кәсіподақ өкілі Жұпарбек Сәбитов теміржолшыларды әлеуметтік жағынан қорғау төңірегінде ой бөлісті. Оның айтуынша, еліміздегі өзге өңірлердегі теміржолшылардың жалақысы бес пайызға көтерілсе, Алматы, Жамбыл, Шымкент теміржолшыларының жалақысы он пайызға көтерілген.
– Алдағы жылы, яғни 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық келісімшарт жасалып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Бұл жұмыстардың барлығы сіздердің әлеуметтік жағдайларыңызды жақсартуға бағытталып отыр, – деді ол.