Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы темір жол қатынасына – 10 жыл

Жаңалықтар
17.05.2023, 21:25

Жаңа нарыққа есік ашқан жаңа шойын жол Қазақстан және Түркіменстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтты. Екі жақты тауар айналымы мен жолаушылар тасымалына 10 жыл бойы үлес қосқандар марапаттан кенде қалмады. Оларға «Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан Республикасының теміржол қатынасына 10 жыл» мерекелік медалі табыс етілді, деп хабарлайды Rail-news.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Қазақ-түркімен арасындағы темір жолдың маңызы қандай? Бұл жол, ең алдымен, екі ел арасындағы тікелей жүк тасымалының жылдам жетуіне септігін тигізді. Шойын жолдың ұзындығы - 146 шақырым. Халықаралық дәліздің қазақстандық бөлігінің «Жаңаөзен-Болашақ» учаскесі 2009 жылы салына бастады. Бүгінде күре жол дамыған инфрақұрылымға ие. Жол бойында электр қуаты үздіксіз берілетін қызметтік-техникалық ғимараттар мен құрылыстар салынған станциялар, бөлек бекеттер ашылды. Одан бөлек, әлеуметтік және техникалық мақсаттағы нысандар: мектеп, балабақша, емхана, демалыс кешендері салынды. Елді мекенді сумен жабдықтау және газдандыру мәселесі шешілді. «Болашақ» станциясы айтарлықтай дамыды. Құрылысқа мердігер компаниялардың демеушілігімен 65 млрд теңге бөлінді. Оның құрылыс жұмыстары кезеңінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Темір жол пайдалануға берілгеннен кейін 700-ге жуық қазақстандық жұмысқа орналасып, тұрғын үйге қол жеткізді.

Қазақстандық «Болашақ» пен түркіменстандық «Серхетяк» станциялары арасындағы тікелей теміржол қатынасы үшін Маңғыстау облысында маңызды көлік торабында жаңа елді мекен пайда болды. Барлығы тақыр жерден бастап салынған болатын. Бұрын қарапайым өткізу пункті де болмаған еді.

«Қазір мұнда бәрі бар. 180 пәтерлі 90 үй салынды, дәрігерлік амбулатория, балалар алаңдары, мектеп, балабақша, кітапхана, дүкендер бар. Коммуналдық ірі мекемелер жұмыс істейді. Біздің болашағымыз зор болатынына сенімдімін, біздің теміржолшылар әрқашан талапқа сай, жоғары деңгейде еңбек ете бермек», – дейді «Болашақ» станциясындағы өрт сөндіру техникасына қызмет көрсету жөніндегі шебер Ерболат Бітіков.

Еңбек пен жетістіктің арқасында үлкен шаруа бітті. Бүгінгі таңда теміржолшылардың жаңа буыны сол жолды жалғастырып келе жатыр. Даңқты күре жолдың алғашқы қызметкерлері, сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Олар бұл салаға айтарлықтай үлес қосты.  

«Болашақ» шекара станциясының тұрғындарына жарқын болашақ пен өркендеу тілеймін. Теміржол - ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан теміржол саласының маңыздылығы мен ерекшелігін атап көрсетеді. Алдағы уақытта да үздіксіз көлік ағынын қамтамасыз етуді жалғастырып, қойылған міндеттерді абыроймен орындайсыздар деп үміттенеміз,– дейді Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Манар Төлегенов.

«ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Маңғыстау бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашовтың сөзінше, «Болашақ-Серхетяк» бағыты арқылы өтетін жүк ағыны әлемдік саудаға қатысады.

Бүгінде біз мерейтойды тойлап қана қоймай, теміржол саласын дамытудың жаңа кезеңіне көштік. «Болашақ-Серхетяк» бағыты арқылы өтетін жүк ағыны әлемдік саудаға қатысады, нарыққа ең қысқа құрлық бағыты арқылы енеді. Бұл елдер арасында тікелей тасымал жасауға және транзиттік пойыздардың жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. «Болашақ» станциясының теміржолшылары транзиттік әлеуетті іске асыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар және басқа да жүктерді тасымалдау бойынша одан әрі тиімді жұмысты көздейді, – деп атап өтті ол.

Халықаралық шойын жолдың құрылысына ат салысқан сала ардагері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Қожахмет Шабайұлы сол жылдардағы еңбек туралы естеліктерімен бөлісті.

"Құрылыс өте жылдам, қарқынмен жүрді. Осыншама қысқа мерзімде елестетудің өзі мүмкін емес болып көрінген, толымды дүниелер жасалды. Бұл жылдар мен үшін ең керемет уақыт болды. Бүгін біз өз еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. «Болашақ» станциясы - бірегей жоба. Мұнда барлығы жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болу үшін ұйымдастырылды. Толыққанды өмір сүру және жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалды. Тіпті баспаналар жиһаздарымен және асүй жабдықтары, ыдыс-аяқтармен берілді. Бұл біздің ісімізді жалғастырушылар үшін үлкен жігер берді", - дейді Қожахмет Шабайұлы.  

Мерейтойлық шараға теміржол өткелінің алғашқы салтанатты ашылуында сигналдық қоңырауды 3 жасында соққан Нұржанбек Аманқосов та қатысты. Қазір сол бала азамат болды. 9-сыныпта оқиды екен.

"Менің ата-анам теміржолшылар болғандықтан сол тарихи сәттке қатысу бақыты бұйырды. Сол кезде түсірілген фотосуреттер әлі сақтаулы тұр. Мен сол күні қоңырау соққанымды мақтан тұтамын. Енді әке-шешемнің жолын жалғастырғым келеді. Мектепті бітірген соң теміржолшы мамандығына оқуға түсемін деп шештім. Менің нақты мақсатым осы", - деп ой қорытты Нұржанбек Аманқосов.

Бұл станцияда әртүрлі сала иелері нағыз маманға айналды. Мұғалімдер, әскери қызметкерлер мен өрт сөндірушілер қоныстанып, бақытын тапты. Жас отбасылар көптеп қоныс аударды.

"Біздің ауылда бала туу көрсеткіші жоғары. «Болашақ» станциясы - аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекен. Шекара станциясы ашылған кезде келіп, темір жолшыларды қарайтын медбике болып жұмыс істедім. Жалғыз медициналық қызметкер болдым. Өте көп қиындықтардан өттім. Төрт әйелді жалғыз өзім босандырып алған кездерім де болған. Кейбірін пойызда босандырып, станцияда сәбидің кіндігі кесілді. Қазір бәрі басқаша. 2022 жылы қыркүйекте дәрігерлік амбулатория ашылды. Жұмысым әлдеқайда жеңілдей түсті. Жедел жәрдем көлігі де беріліп, қуанышымыз қойнымызға сыймаған кез есімде", - дейді дәрігерлік амбулаторияның фельдшері Аннуза Қадырова.  

«Болашақ» станциясына жетудің жалғыз жолы – «Өзен-Болашақ» бағытындағы темір жол. Пойыз Бастау, Ақбөбек, Бопай, Тайғыр, Құрмаш, Бесторткөл станцияларында аялдамалар жасап, 143 шақырым жолды артқа тастап, жетеді. Жолға кететін уақыт 2 сағат 30 минутты құрайды.

"Бұрын жұмыс қиын болатын еді. Тексерулердің көбін техниканың жоқтығына байланысты қолмен жасап жүрдік. Қазір қызмет көрсетудің жаңа технологиялары енгізілді. Тіпті техника күшімен тасымалдау жасалып, қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Компьютерлік бағдарламалардың көмегімен пойыздардың қауіпсіз қозғалысын және жөнелтілуін бақылаймыз. Мониторда «Өзен-Болашақ» аралығы толық көрсетіліп тұрады. Компьютерлер барлық станциялармен байланысу үшін көп арналы телефонға қосылған", - дейді Маңғыстау дабыл және байланыс дистанциясының «Өзен-Болашақ» учаскесінің бастығы Мұхтар Көжекбаев.

«Болашақ» - Түркіменстанмен шекараның тұсындағы қазақ темір жол желісіндегі соңғы станция. Осы жерден отандық тауарлар темір жол арқылы Парсы шығанағы елдеріне жөнелтіледі. Деректерге сүйенсек, соңғы екі жылда шетелге 1 млн тоннадан астам жүк экспортталған. Өткен жылғы тауарлар импортының көлемі 2 млн тоннаға жетті.

 

Қауіпсіздік
21.07.2026
Теміржол өткелдерінде профилактикалық рейдтер жалғасуда
Сұхбат
21.07.2026
Теміржол тарихындағы ең ірі жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда
Әлеумет
21.07.2026
ҚТЖ атынан хабарласатын телефон алаяқтары көбейді
Жаңалықтар
21.07.2026
Еліміздің вокзалдарында кедергісіз орта қалыптасуда
Цифрландыру
21.07.2026
Ақтөбе теміржолы цифрландырудың жаңа деңгейіне өтуде
Инфрақұрылым
21.07.2026
ҚТЖ жыл басынан бері темір жолдың 686 шақырымын жаңартты
Жаңалықтар / Мұрағат
21.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №55 21 шілде 2026 жыл
Аймақтар
20.07.2026
ҚТЖ компаниядағы мемлекеттік тілдің үлесін 92 пайызға жеткізуді көздеп отыр
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
№81/82 «Нұрлы жол – Орал» Тальго пойызында әйелдер вагоны іске қосылады
Инфрақұрылым
20.07.2026
ҚТЖ Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысын жеделдетеді
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ISO халықаралық төрт стандарты бойынша сертификаттарға ие болды
Жаңалықтар
20.07.2026
Өзбекстан мен Қытай Қырғызстан арқылы өтетін теміржол құрылысын бірлесіп бақылайтын болды
Әлемде
20.07.2026
Швейцария рельс арасына орнатылатын күн панельдерін сынақтан өткізді
Аймақтар
17.07.2026
Жақсы теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
17.07.2026
Жаздың басынан бастап ҚТЖ теміржолдағы қауіпсіздік бойынша республикалық акциялар өткізуде
Жаңалықтар
17.07.2026
«Қазтеміртранс» АҚ 2032 жылға дейін 13 мың жүк вагонын сатып алады
Аймақтар
17.07.2026
Семей магистральдық желі бөлімшесі жартыжылдықты табысты қорытындылады
Аймақтар
17.07.2026
Сексеуіл теміржол торабында жүк тиеу жоспары асыра орындалды
Аймақтар
17.07.2026
Ганюшкинодағы жаңа вокзал қызметкерлерін Атырау телімінің басшылығы құттықтады
Жаңалықтар
17.07.2026
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ұжымына жаңа Конституцияның ережелері түсіндірілді