Ұжымдық шартқа өзгерістердің қажеті жоқ

Жаңалықтар
13.06.2016, 11:44
  Әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс, елімізде қабылданған Жаңа Еңбек кодексі жұмыс беруші «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен темір жол саласы еңбеккерлері арасындағы Ұжымдық шартқа қалай әсер етуде? Еңбек адамдарының мүддесін қорғауда кәсіподақ қандай амал-әрекеттер жасауда?  Бүгінгі таңда атауы өзгеріп, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі деген атаумен қайта құрылған бұрынғы теміржолшылар кәсіподағында қандай өзгерістер бар? Осы және басқа да мәселелер туралы сұхбатымызда  бірлестік төрағасы Оразғали Ахметбаев баяндап берді. –Оразғали Төлепбекұлы, қазіргі дағдарыс жағдайында Ұжымдық шартта қарастырылған жеңілдіктер сақталынып қалды ма? Жұмысшыларды әлеуметтік қолдап, қорғау жағы қалай? –Әрине, әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарынан жүк айналымы, жүк тасымалы көлемінің төмендеп кетуі Компанияның тасымалдаудан түсетін кірісіне де теріс ықпалын тигізіп отырғаны рас. Бірақ, бұл келеңсіздіктер ҚТЖ мен оның қызметкерлері арасында жасалған ұжымдық шарттың бұзылуына әкелген жоқ. Яғни, бүгінгі күнге дейін ұжымдық шарттың ережелерінде, әсіресе, әлеуметтік еңбек қатынастарына қатысты мәселелерінде ешбір өзгеріс болған жоқ. Тек, Компанияның қаржылық тұрақтылығын сақтап қалу үшін Ұжымдық шарттағы 2016 жылға арналған әлеуметтік шығындар бюджетінде қарастырылған шығындар туралы баптарға ішінара түзетулер енгізілді. Жұмысшыларымыздың әлеуметтік қорғалуы да еш өзгермеді. Ең маңыздысы, біздің ұжымдық шарт саясаты – бұрыннан қарастырылған әлеуметтік бағыттағы шарт тармақтарын сақтап қалу. Біз соны орындадық. Жылдағыдай емдеу-сауықтыру шаралары, үстемақының барлық түрлері, бүкіл әлеуметтік кепілдемелер, оның ішінде әлеуметтік мәселелер, еңбек қорғау, жалақы төлеу сияқты тағысын тағы шарттары сақталынып отыр. –Биылдан бастап толық күшіне енген ҚР жаңа Еңбек кодексіне орай теміржолшылардың Ұжымдық шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді ме? –Иә, 2016 жылдың 1 қаңтарынан елімізде Жаңа Еңбек кодексі өз күшіне енді. Өздеріңіз білесіздер, Жаңа Еңбек кодексінің талаптары мен ережелері алдын ала кәсіподақ ұйымдарының талқылауларынан өтті, кәсіподақ өз тараптарынан еңбек адамдарының әлеуметтік мүдделерін сақтап қалуда өз ұсыныстарын білдірді. Сондықтан бұл кодекстің басты айырмашылығы, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынасты ымыраға келтіріп, өкімет тарапынан заңды түрде араласуды азайту. Бұл жағдайда еңбек қатынасының алдыңғы шебіне еңбек шарты мен ұжымдық шарт шығады. Еңбек адамын қорғайтын көптеген әлеуметтік сұрақтар Ұжымдық шартқа сілтеме жасайды. Кәсіподақ пен «ҚТЖ» ұлттық компаниясы және оның еншілес компаниялары 2015-2017 жылғы аралыққа жасалған Ұжымдық шарт жаңа Еңбек кодексіне сай болып шықты, кейбір пункттері заңда қарастырылған ережелерінен едеуір жоғары. Дегенмен де жыл басынан бері ұжымдық шартты қабылдайтын комиссия мен оның жұмыс тобы 3 өзгеріс пен толықтыру енгізді. Төртінші толықтыру комиссия ұсынысымен компания басшылығында қаралуда. Еңбек Кодексіне қарағанда Ұжымдық шарт әлеуметтік еңбек қатынастары бойынша әлдеқайда кең ауқымды құжат болып табылады. Ұжымдық шарт ережелері 2015 жылдың 1 қаңтарында қабылданған күйінде сақталып отыр. Яғни, біз қол жеткізгенімізді сақтап қалдық. Мәселен, Ұжымдық шартта демалыс және мереке күндері жұмысқа шыққаны үшін екі есе көлемде ақы төлеу немесе жұмысшының демалысқа барғанда бір айлық көлемінде материалдық көмек көрсетілуі қарастырылған және ол сақталған, сол сияқты басқа да нормалар бар. – Ұлттық компания құрамына өзге де көлік түрлерінің біріктірілуі  Кәсіподақ құрамының да өзгеруіне, толығып, күрделене түсуіне ықпал еткені анық. Осы жағынан қандай мәселелер туындады?   – Біздің Жарғыда кәсіподақ құрылымының өндіріске сай болуы керектігі жазылған. Компанияның және оның еншілес компанияларында барлық құрылымдық бөлімшелерінде жұмысшылар құқығын қорғауға олардың басшыларымен тең отыра араласу үшін Кәсіподақтың филиалдары мен бастауыш ұйымдары қарастырылған. 2015 жылдың 27 ақпанында өткен бірлескен съезде біздің Кәсіподақтың атауы «Қазақстандық салалық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» деп өзгертілді. Біз теміржол компаниясының еншілес немесе мүшелік ұжымы емеспіз, біз бөлек заңды тұлғамыз. Сондықтан «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамымен жене оның еншілес компанияларымен, басқа да жекеменшік, мемлекеттік компаниялармен біздің қарым-қатынасымыз ҚР «Кәсiптiк одақтар туралы» заңына, «Еңбек кодексі» жене ұжымдық шарттарға байланысты жүргізіледі. Бүгінгі таңда бізге көлік саласына қатысы бар 22 мүдделес кәсіподақ келіп қосылды. Олардың ішінде 5 әуежай, 5 автопарк, 4 су көлігі мекемесінің кәсіподақтары бар. Бұрын теміржолшылар кәсіподағында мүше саны 110 мыңнан астам адам болса, қазірде ол тағы 12 мыңға көбейді. Өзіңіз білесіз, Петровал аумағы арқылы Транссібір магистралінің бір тармағы өтеді. Ол жерде Ресей темір жолына қарайтын жол бөлімшесінде Қазақстан азаматтары жұмыс істейді. Солар өздеріне жергілікті кәсіподақ құрған екен. Сол кәсіподақ та біздің қарамағымызға өтті. 2014 жылы 27 маусымда қабылданған ҚР «Кәсіподақтар туралы» заңда Салалық кәсіподақ салалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің, мүшелік ұйымдардың өкілетті өкілі болып табылады делінген. Жалпы Қазақстан бойынша 800-ден астам кәсіподақ ұйымы болған. Олардың ішінде ірісі де, ұсағы да бар. Әрқайсысының жағдайы әр түрлі. Кәсіподақ мүшелері аз, қаржы мәселесі де өте төмен. Көпшілігінде кәсіподақ жұмысы дұрыс жүргізілмей, өз қызметкерлерінің құқығын қорғауда қауқарлы болмай жатады. Сол себепті кәсіподақ қозғалысын күшейтіп, бір жүйеге түсіруге Елбасының өзі басымдық беріп: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында 10 нақты тапсырма берген болатын. Заңға сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымдары және жергілікті кәсіподақтар салалық кәсіподаққа мүшелікке өтулері керек. Көптеген көлік түрлерінің ішінде біздің Қазақстан теміржолының салалық кәсіподағы ірі және мықты болып танылады. Қазақстанда мүдделес кәсіподақтардың бәрінің басын біріктіру туралы айтылғанда оларды бізге қосу тиімділігі айтылды. Әрине, бұл жерде әр ұйымның бізге қосылып, қосылмауы өз еркінде. Дегенмен біз жеке-жеке жүріп құқықтарымызды қорғағаннан гөрі көп болып біріксек қана күшіміз арта түсетінін ескеруіміз керек. Осындай Үндеу 2014 жылы Астанада өткен көлік саласы жұмысшыларының форумында қабылданды. Бүгінде соны қолдап, біздің Жарғыны қабылдап жергілікті көлік кәсіподақтары бізге қосылып жатыр, бірқатарымен келіссөздер жүргізілуде. Ең бастысы қосылған қәсіподақтарға және оның мүшелеріне құқықтық қорғау жұмысында және олардың тәуелсіз шешім қабылдауында еш қиындық туындамайды. Әр сала мекемесінің қызмет сипаттамасы, қызмет ауқымы, көлеміне және қаражатына қарай Ұжымдық шарты жасалады. Олар бізге біріккенмен теміржолдың Ұжымдық шартында қарастырылған жеңілдіктер бәріне бірдей жүреді деген сөз емес. ҚТЖ-ның ұжымдық шартын негізге ала отырып, өзгерістер жасай алады. Мүмкіндігінше, сонымен бірдей жеңілдіктерді қарастыруға тырысады. Бірақ әр компанияның өз Ұжымдық шарты бар, сол бойынша кәсіподақтар жұмысы жалғаса береді. Ал бұл бірігу сонда не береді? Әрине, біріншіден, әр қызметкердің сенімін арттыратын күш береді, мәселен, аз ғана мүшесі бар кез-келген кәсіподақтың мүшесі құқықтық мәселе көтергенде оны қолдаушылар саны аз болса, шағымы көпке жетпей жатады. Сол кезде оларға  салалық кәсіподақ, яғни біз көмекке келіп, араласып, олардың құқығын қорғап, сөздерін қолдап шығамыз. Біздің күшіміз бірлікте дегеніміз сол. Өкіметке, мәжіліске, министрліктерге және басқа да құқық қорғау органдарына біз барлық көлік түрлерінің жұмысшыларының атынан мәселе көтеріп шыға беруімізге мүмкіндік бар. Олай етуге біздің күшіміз, кадрлық жағдайымыз да жеткілікті. Осы бағытта арнайы заңгерлер мен экономистеріміз жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестік құрамына кіргендер бір-бірімізге көмектесіп, мәселелерімізді шеше білуіміз қажет. –Сала ардагерлері, теміржолшы отбасыларының балалары, мүгедектер, жағдайы төмен отбасылар, өндірістік жарақат алғандар, баспанасы жоқтар сияқты түрлі әлеуметтік деңгейдегі теміржолшыларға қандай көмек түрлері, жеңілдіктер қарастырылған? –Ұжымдық шарт ережелеріне сай 2016 жылға арналған әлеуметтік шығындар бюджетінде мына жұмыстар қарастырылған: барып келу шығынын қоса алғанда жұмысшылардың балаларының жазғы сауықтыру демалысын, компанияның зейнеткерлері мен қызметкерлерінің шипажайларда емделуін, олардың теміржол көлігінде жүру шығынын төлеп, 1-31 мамыр аралығында соғыс ардагерлеріне пойызда тегін жүруді ұйымдастыру, тіс салдыру шығындарын төлеу, Орталық аппарат пен аймақтарда әлеуметтік тұрмыстық мәселелерді қарау бойынша комиссия шешімімен, сондай-ақ, некеге тұрған, бала туылған, жерлеу, мерейтойлық даталар жағдайында, қала берді Балаларды қорғау күні, Білім күні, мүгедектер күні, Отбасы күні мерекелерінде материалдық көмек беру, көлік қызметкерлері күнінде зейнеткерлер мен соларға теңестірілгендерге материалдық көмек беру, жаңадан туылғандарға пакет дайындау, босану, жүктілік бойынша әйелдерге жәрдемақы айырмашылығын ұсыну, Астана қаласында Наурыз, 9 мамыр, Балаларды қорғау күні, балалар байқаулары, Көлік қызметкерлерінің күні, Тәуелсіздік күніне орай мерекелік шаралар ұйымдастыру, спорттық бұқаралық және дене тәрбиесі –сауықтыру жұмыстарын өткізу, жастар саясатын жүзеге асыру, жаңа жылдық ертеңгіліктер және сыйлықтар алу. Міне, қарап отырсаңыз, Ұжымдық шартта бұрыннан бар әлеуметтік жеңілдіктердің бәрі де сол күйі сақталып отыр. Ол бұдан ары қарай да жалғасын таба береді. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік мәселелерін шешуде, құқықтары мен мүдделерін қорғауда, бәріміз  ауызбіршілік, ұйымшылдық танытсақ, бізге еш өзгеріс әсер етпейтіні анық. –Әңгімеңізге рахмет!  

 Райхан Рахметова

Астана

Жаңалықтар
08.05.2024
Ардагерлердің өнегелі өмір жолы
Әлеумет
08.05.2024
Жеңістің 79-шы көктемі
Темір жол тарихы
08.05.2024
Тарихи жәдігерлер сыр шертеді
Аймақтар
08.05.2024
Елге – ұран, ұрпаққа – үлгі
Әлеумет
08.05.2024
Ардагерлер – ұлт ұйтқысы
Жаңалықтар
07.05.2024
Жас домбырашылар пойыз жолаушыларын таңғалдырды
Жаңалықтар
07.05.2024
ҚТЖ дәстүрлі түрде ардагерлерге Жеңіс Күні қарсаңында құрмет көрсетіп келеді
Қауіпсіздік
07.05.2024
Маңғыстауда еңбекті қорғау күніне орай байқау өтті
ҚТЖ келбеті
07.05.2024
Қауіпсіздікті сақтауға үлес қосқан теміржолшылар марапатталды
Әлеумет
07.05.2024
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Жаңалықтар / Мұрағат
07.05.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №39-40 07 мамыр 2024 жыл
ҚТЖ келбеті
07.05.2024
Берлинге жеткен жауынгер
Темір жол тарихы
07.05.2024
Майдан мен тылды жалғаған
Қауіпсіздік
06.05.2024
Атырау жүк тасымалында травматизмге жол берілмеді
Аймақтар
06.05.2024
Техникалық дәріс өтті
Әлеумет
06.05.2024
«Саламатты Қазақстан» – Бейнеуде
ҚТЖ келбеті
06.05.2024
«ҚТЖ-100 жас есім» жобасының қатысушысы табысқа жетудің сыры мен бөлісті
Инфрақұрылым
06.05.2024
Ақтөбеде 78 шақырым жол жаңарады
Қауіпсіздік
06.05.2024
Қайықпен барып қауіптің алдын алды
Жаңалықтар
06.05.2024
ҚТЖ су тасқынымен күреске қолдау көрсетуді жалғастыруда