Барлық темір жол бөлімшелерінде  желтоқсан айының 10-ы мен қаңтардың 10-ы күні аралығында «Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ!» атты қауіпсіздік айлығы өтті.  Темір жол бойында апатты жағдайлардың алдын алу, сақтандыру  мақсатында ұйымдастырылған шара барысында Семей жол дистанциясының мамандары да белсенділік танытты. ПЧ-39 мекемесінің теміржолшылары станциялар мен кенттерде болып, тұрғындармен, оқу орындарындағы тәрбиеленушілермен кездесулер өткізіп, желі бойында жүрудің қауіптілігі жайлы ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, қауіптілігі жоғары телімдер бойын мекен ететін тұрғындармен диалог өтті. Желіні рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен адамдарды тоқтатып, қауіптілік жайын, сақтық шараларын ұстанудың маңыздылығы жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. – Темір жол бойындағы қауіпсіздік шараларын бұлжытпай сақтау – жолаушы және жүк тасымалы барысында ерекше маңыздылыққа ие. Осы ретте, аталмыш айлық барысында шалғай станцияларға арнайы барып тұрғындармен кездесу өткіздік. Шаған, Белағаш сынды тұрғындар тығыз қоныстанған станцияларда болып, қауіпсіздікті арттыру мақсатында жиындар өткіздік. Мұндағы тағы бір мақсат – тек адам өмірін сақтау ғана емес, желі бойындағы қараусыз жайылған мал иелеріне де ескерту жасау болатын. Оқушылардың қысқы каникулы кезінде мұндай шараларды ұйымдастырудың маңыздылығы зор болды, – дейді пікір білдірген Семей жол дистанциясының директоры Рахат Ботаспаев.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей