Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Су мен жылу газға көшірілуде
Оқуға 2 мин
Сексеуіл мен Бесарық станциялары арасындағы теміржол кәсіпорындары мен бекет тұрғындарын сумен және жылумен қамтамасыз ететін «Теміржолсу-Қызылорда» мекемесінің қызмет көрсету аясы жаңа Сексеуіл – Қоскөл телімінің пайдалануға берілуіне орай тағы ұлғайды.
Өңірдегі су және жылумен қамту нүктелері мен құбырлары қысқы маусымға дайындалуда. Үш су айдау станциясының, 30 сумен қамту нысандарының, 17 қысымды су мұнаралары мен 90 км-ге жуық ауыз су құбырларының тұрақты жұмысы жайлы мекеменің жетекші инженері Мақсат Байхонов мәлімет берді.
–Мекеме 17 су қыспақты мұнараларына ағымдағы күтіп-баптау жұмыстары ұдайы жасалады. Дегенмен мамыр айынан бастап мұнаралардың бәрі ерекше күтімге алынды. Маусым айында Қорқыт, Төменарық, Шиелі және Бәйгеқұм станцияларында, шілдеде Сұлутөбе, Қызылорда және Қараөзек бекеттеріндегі нысандар бақылаудан өткізіліп, анықталған кінәраттар дер кезінде орнына келтіріліп, бақылау жұмыстары атқарылды, – дейді жетекші инженер Мақсат Мұхтарұлы.
Су құбырларының техникалық жарамдылығын анықтау мақсатында да жалпы ұзындығы 90 км жуық жүйе мамандар назарынан тыс қалмапты. Мамыр айында 12 км су құбыры желісі тексерістен өткізілсе, маусымда 19 км, шілдеде 27 км ал тамыз айының алғашқы жартысында 30,9 км құбыр бақылаудан өткізіліпті. Қыстың қамын жаз ойлайтын теміржолшылардың қашанғы әдетінше жылу қазандықтырының қатал маусымға әзірлігі де, жылу құбырларының дайындығы да қатаң кестемен жүргізіліп мамандар назарынан өткізілуде. Мәселен 1600 пагонды-метрден асатын жылу жүйелерінің дені бақылаудан өткізілуде.
–Аймақтағы қуат көзін тиімді пайдалу мақсатында Шиелі станциясындағы нысандарды көгілдір отын көзіне ауыстыру жұмысарын жүйелі жүргізіп келеміз. Осы бекеттегі Қызылорда жол дистанциясының базасындағы жүйелерді толығымен көгілдір отынға көшіру жұмыстары аяқталды. Аудан орталықтары кезек-кезеңмен көгілдір отынды пайдалануға бағытталғандықтан біздің мекеменің Жаңақорған станциясындағы қазандығын келер жылы газдандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді жетекші инженер Мақсат.