Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Мереке күні мәреге жетті
Оқуға 1 мин
Шалқар мен Ақтөбенің арасын велосипедпен жүріп өткен теміржолшыны кәсіподақ өкілдері мен жас теміржолшылар Ақтөбенің іргесінде салтанатты жағдайда күтіп алды.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жұмабай Отарғалиев Шалқардан велосипедпен жолға шығып, теміржолды бойлай күніне 120 км жол жүріп отырып, үшінші тәулік дегенде Ақтөбеге жетті.
–Мен әдейі Шалқар бағытын таңдадым. Жол бойы теміржол станциялары мен разъездерге аялдап, олардың тіршілігімен тынысып, әріптестермен кездесіп бой жазғым келді, барлығы құшақ жая қарсы алып, дастархан жайып, қызмет көрсетіп жатыр. Барлығына рахмет айтамын, – дейді Жұмабай Отарғалиев.
Велошабандоз жол үстінде қиындықтарға да тап болғанын жасырмады.
«Жол жоқ. Бар жолдың сапасы нашар. Қарт Мұғалжар тауларының етегімен жүріп өттім. Биікке шығу қиынға соғады. Алдымнан қатты жел болды. Бастысы, болат жолды бойлай, бір бағытты ұстанып жүріп отырдым», – дейді теміржолшы.
Айта кетейік, шабандоз биыл Қандыағаш вагон пайдалану депосынан зейнетке шыққан болатын. Бос кетпей, волейболдан ардагер теміржолшылар арасында турнир ұйымдастырып, тіпті кубок дайындады. Осы жазда Астана күніне орай ұйымдастырылған велошеруге қатысты.