Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтау қаласында "Теміржолшы" спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Алик Айдарбаев қатысып, теміржолшылар игілігіне берілген өңірдегі жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.1980 жылдары басталған бұл ғимараттың құрылысы кейін қайта құру, Кеңес үкіметінің тарауы, тәуелсіздік алу жылдарында жұмысы тоқтап қалған екен. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап кешен құрылысы қайтадан қолға алынып, толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.– Күрделі жөндеуге мекеме 700 млн теңге қаражат жұмсады. Алдағы уақытта тұрақты түрде жұмыс жасайтын бұл кешеннің екінші кезеңінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол жерде жаттығу залы, ашық алаңда 25 метрлік бассейн қарастырылатын болады. Бұйыртса, спорт кешенінің екінші кезеңі ағымдағы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, – дейді кешенді ашуға мұрындық болған «Каскор-ТрансСервис» АҚ басқарма төрағасы Әли Сахимов.Мекеме басшылығы теміржолшылардың салауатты өмір салтын сақтауын көздеп, спорт кешенін қайта жаңғыртуды қолға алған. Спорт кешенінің бірінші қабаты волейбол, футбол, баскетбол ойнауға және көркем гимнастикамен айналысуға арналған. Екінші қабатта спорттың дзюдо, самбо түрлерімен, үстел теннисімен шұғылдануға болады. Сондай-ақ, спорт залда талапқа сай киім ауыстыратын, жуынатын бөлме, сауна, медициналық кабинет те қарастырылған.