"ҚТЖ" ҰК" АҚ "Жолаушылар тасымалы" АҚ Маңғыстау телімінде жолсеріктер резерві толықтай бейнебақылау құрылғысымен жабдықталды. Камера орнату мамыр айында басталған еді. Күзде тағы да жалғасып, бүгінде барлығы 40 құрылғы жұмыс жасап тұр. Олар вагон паркі, ТО-1, ТО-2, ТО-3 жөндеу орындары, т.б. жалпы қажет жерлерге қойылған. – Камера жоқ кезде вагон паркінде ұрлық, түрлі тәртіпсіздік көп болды. Қазір бөгде адам да жүре алмайды. Кімнің не істеп жатқаны қадағалануда. Тазалық та түзелді. Бұрын вагондардан шыққан темір бөлшектерін металломға тапсыру үшін жымқыру жағдайлары көп болатын. Сап тыйылды, – дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ Маңғыстау телімінің басшысы Құттыбек Шарқатбаев.      Құттыбек Сүйінғараұлы вагондарды теріс пиғылдылардың іс-әрекетінен "қорғау" үшін жасалып жатқан тағы бір жаңалықтың ұшын шығарды. Айтуынша, алдағы уақытта жолаушылар пойызының вагон тұрағына толық темір қоршау жасау жоспарланған. Қазір 820 метрге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда екен. Жалпы, мекемеде бұдан басқа да айтарлықтай жаңалықтар бар. Жақында ғана жұмысшыларды тасуға су жаңа ПАЗ автобусы беріліп, "Вагонсервис" АҚ Маңғыстау теліміне тиесілі, 1990 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген №116,117 жолдарға күрделі жөндеу жүргізілуде екен. Құрылысы желтоқсан айында бітеді деп күтілуде.

Шахида Жұман,

Маңғыстау