Өзбекстан мен Қытай Қырғызстан арқылы өтетін теміржол құрылысын бірлесіп бақылайтын болды
Өзбекстан Көлік министрі Илхом Махкамов пен «Қытай мемлекеттік теміржолдары» корпорациясы төрағасының орынбасары Ван Цзиньси Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылыс барысын тұрақты түрде қадағалап отыруға келісті. Бұл туралы Өзбекстан СІМ жанындағы «Дунё» ақпараттық агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатқанын растады. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруда тығыз әріптестікті жалғастыруға және көлік саласындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Кездесуде жаңа теміржол магистралінің стратегиялық мәні жоғары екені атап өтілді.
Бұдан бөлек, Өзбекстан мен Қытай өкілдері Қытайдан Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы өтетін қолданыстағы мультимодальды көлік дәлізінің тартымдылығын арттыру шаралары мен логистиканы жетілдіру мәселелерін талқылады.
Тараптар сыртқы сауда тасымалын дамытуға септігін тигізуі мүмкін Қытайдың шекаралық «Кашгар» станциясына экспорттық статус беру мүмкіндігіне де ерекше назар аударды.